07.05.2021, 22:30 18926

Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. 7 МАМЫР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз бұл күні Қарулы Күштеріміздің ардагерлеріне және еліміздің егемендігі мен ұлттық мүддесін қорғап тұрған, антына адал әскери қызметшілерге құрмет көрсетеміз", - деді Президент ҚР азаматтарына.

 
Ол Қазақстан жер жүзіне қашанда бейбітшілікті жақтайтын және жауапкершілігі жоғары мемлекет ретінде танымал екенін атап өтті. Сондай-ақ, экономикалық, гуманитарлық мүмкіндіктері ғана емес, әскери әлеуеті де мықты елге айналғанына айтты. 
 

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан еңбегінің арқасында заманауи қару-жарақпен және жаңа техникамен жабдықталған қуатты армия жасақталды. Қарулы Күштеріміздің барлық құрылымында қызмет ететін сарбаздар мен сардарлардың жауынгерлік рухы, отаншылдығы, әскери дайындығы және кәсіби машығы еліміздің қорғаныс қабілетінің жоғары болуын қамтамасыз етеді", - делінген Ақорданың сайтында жарияланған құттықтауда.

 
Президент мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән беретінін атап өтті. 
 

Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу. Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі. Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне халқымыздың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірі жолындағы мінсіз қызметі үшін ризашылығымды білдіремін", - деп қосты Мемлекет басшысы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны