Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
Сурет: ЖИ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отбасының ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтіп, ел азаматтарын Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
"Отбасы - ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт. Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады", - деп жазылған құттықтауда.
Президент 1 шілдеде күшіне енген Конституцияға сәйкес неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екенін еске салды. Негізгі заңда алғаш рет неке заңға сәйкес тіркелген ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы екені туралы ереже бекітілді.
Сонымен қатар, 2026 жылы Қазақстанда Отбасы құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды.
Тоқаев бала тәрбиесі мәселесіне зор жауапкершілікпен қарау, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау - мемлекеттің маңызды миссиясының бірі екендігін атап өтті. Бұл - адам капиталын нығайтудың, яғни еліміздің әлеуетін арттырудың басты шарты.
"Біз жасампаз ұлт ретінде тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басып, мақсат-міндеттерімізге қол жеткіземіз. Осылайша, әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін", - деді мемлекет басшысы.
Сөз соңында президент барша Қазақстан азаматына зор денсаулық, толайым табыс тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

