20.07.2021, 22:39 15039

Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. 20 ШІЛДЕ - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Ардақты ағайын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам. Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі", - деді Мемлекет басшысы.

 
Ол Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейтінін атап өтті. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады. 
 

Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады. Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін. Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!", - деп түйіндеді ҚР Президенті.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны