01.01.2023, 00:00 62071

Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2023 жылмен құттықтады

Астана. 1 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2023 жылмен құттықтады, деп хабарлайды ел Президентінің баспасөз қызметі.
 
Құрметті отандастар!
 
Міне, біз қазір бір ел болып, Жаңа жылды қарсы аламыз. Оны бәріміз ізгі ниетпен күтіп отырмыз. Осы сәтте мерекелік көңіл-күймен бір-бірімізге ақ тілек айтамыз. Болашаққа сеніммен қарап, жоспар құрамыз. Миллиондаған азаматтарымыз сияқты мен жаңа жыл жарылқасын деп келешекке үмітпен қараймын. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін оңай болған жоқ, күрделі болды. Қаңтар айында тәуелсіздік тарихындағы зор сын-қатерге тап болдық. Бірақ халқымыздың мызғымас бірлігінің арқасында біз осы қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді сақтап қалдық. Төл тарихымызға қарасақ, жұртымыз көптеген сындардан шыңдалып шыққан. Біз де қиындықтарды артқа тастап, алға қарай нық қадам бастық.
 
Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды. Біз мемлекеттігімізді нығайтып, жаңару және жаңғыру жолына түстік. Жалпыхалықтық референдум өткізіп, шын мәнінде жаңа Конституциямызды қабылдадық. Онда нағыз әділдік рухы көрініс тапты. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламент жүйесінің реформасын бастадық. Халқымыз ауқымды өзгерістерге қолдау білдірді. Сайлау жүйесіне жаңа ережелер енгізілді. Президент сайлауы ашық және әділ өтті. Мұның бәрі еліміздің саяси жүйесін жан-жақты жаңғырта түсті. Әкімшілік-аумақтық реформа жасадық. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Ең өзекті мәселелерді ауқымды диалог арқылы шешетін болдық. "Республика күніне" ұлттық мереке мәртебесі берілді.
 
Биыл еліміз үшін несібелі жыл болды. 400 мыңға жуық сәби дүниеге келіп, көптеген отбасының шаңырағы бақытқа толды. Біз балалар жылында "Ұлттық қор - балаларға" бастамасын көтердік. Бұл - өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам. Диқандарымыз 23 миллион тонна астық жинады. Бос жатқан 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бірнеше ірі өндіріс іске қосылды. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. "Қазақстан халқына" қоры құрылды, соның арқасында көптеген азаматқа нақты көмек көрсетіліп жатыр. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда көк туымызды желбіретті. Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық, бірқатар алпауыт елдердің сенімді серіктесі атандық. Осылайша, Барыс жылы ауқымды өзгерістер мен жаңа дәуірдің бастауы болды.
 
Қадірлі достар!
 
Біз келе жатқан Жаңа жылдан зор үміт күтеміз. Баршаңызға мәлім, әлемдегі ахуал аса күрделі. Соған қарамастан, келесі жыл еліміз үшін жемісті жыл болады деп сенеміз. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр, көптеген жоспарымызды жүзеге асыруымыз керек. Негізгі мақсат - мемлекетімізді нығайту және халқымыздың әл-ауқатын арттыру. Мен Президент ретінде осы мақсаттарға жету үшін барлық күш-жігерімді саламын. Алдағы жылы ұлттың рухын көтеретін маңызды іс-шаралар өтеді. Біз бір ел болып, бір халық болып, бірлесе еңбек етіп, Жаңа жылда жаңа табысқа жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
 
 "Жақсылық бар жерде тапшылық болмайды" дейді халқымыз. Жаңа жылда баршамыз жақсылыққа ұмтылайық. Бір-бірімізге жанашыр, қамқор болайық. Ең бастысы, табанды еңбек етіп, елімізді бірге дамытайық.
 
Жаңа жыл халқымыз үшін берекелі жыл болсын!
 
Әр шаңырақ шаттыққа, қуанышқа толсын!
 
Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!
 
Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны