15.02.2021, 21:45 9309

Тоқаев: бюджеттен бөлінген әр теңге мақсатқа сай жұмсалуға тиіс

"Қазіргі кезеңде біз экономикадағы жағымсыз үдерістерді жоюға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты кейде Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл қаражаттың заңды және орынды игерілуі айрықша маңызды".
Нұр-Сұлтан. 15 ақпан. Kazakhstan Today - Бүгін Бас прокуратура мен облыс прокуратуралары басшылығының қатысуымен өткен кеңес барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантин шараларын қамтамасыз ету және мемлекет мүдделерін қорғау кезінде заңдылықты сақтаудың маңыздылығына да мән берді. Мемлекет басшысы полиция мен санитарлық қызмет тарапынан олқылықтар жіберілетін болса, ондай жағдайда прокуратураға бірден қажетті шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласындағы түрлі алаяқтық әрекеттердің алдын алу қажеттігін атап өтті.
 

Қазіргі кезеңде біз экономикадағы жағымсыз үдерістерді жоюға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты кейде Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл қаражаттың заңды және орынды игерілуі айрықша маңызды. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржыға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ жалақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеу мәселелерін әрдайым бақылауда ұстау қажет. Бюджеттен бөлінген әр теңге мақсатқа сай жұмсалып, қоғамға пайда әкелуге тиіс", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығы туралы айтты. Онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілгенін ескертті.
 

Прокуратура органдарына жыл сайын тұрғындардан өте көп арыз-шағым келіп түседі. Соңғы үш жылдың ішінде 650 мыңға жуық шағым берілген. Әрбір арыздың артында адам тағдыры, ондаған, тіпті жүздеген адамның мүддесі тұр", – деді Президент.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шағымдарына нақты әрі түсінікті жауап беру қажет екенін атап өтті.
 
Мемлекет басшысы прокуратура қызметінің маңызды бағытының бірі ретінде ықтимал әлеуметтік наразылық ошақтарымен тиімді жұмыс жүргізу екенін айтты. Президент бақылаушы орган түрлі әлеуметтік қақтығыстардың деструктивті әлеуетін төмендету үшін алдын-алу шараларын қабылдауы керек, сондай-ақ, уақытылы төленбейтін жалақыларды, заңсыз қысқартуларды және еңбек қатынастарындағы басқа да жағымсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, жолын кесуі керек деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, прокуратураның бұл бағыттағы жұмыстарының нәтижелері жаман емес.
 

Өткен жылдың өзінде ғана сіздердің нәтижелі жұмыстарыңыздың арқасында 29 мың қызметкердің жалақыдан қарыз болған 2,7 миллиард теңге қаржысы төленді. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Әсіресе, кейбір кәсіпорындарда шиеленістің өршуі байқалады. Мұндай мәселелерде аймақтағы прокурорлар нақты позиция ұстанып, белсенді әрекеттерге баруы тиіс. Әр іс бойынша оңтайлы шешім шығарып, заң үстемдігіне қол жеткізу қажет. Менің тапсырмам бойынша қазір әкімдер осы мәселемен айналысып жатыр. Бұл жұмысқа прокуратура да араласуы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

 
Прокуратура қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының пікірінше, прокурорларға қойылатын талаптар әрдайым жоғары болуы тиіс. Бұдан былай жұмысқа алу кезінде алғашқы дайындықтан өту қажет және оны қамтамасыз етуде Құқық қорғау органдарының академиясы ерекше рөл атқаруы керек.
 
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметін технологиялық тұрғыдан жаңарту қажеттігі, оның ішінде, құқық бұзушылықты уақытылы анықтау және оның алдын алу үшін жасанды интеллектіні пайдалану туралы айтты. Президент Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мүмкіндіктерін атап өтіп, оның әлеуетін одан әрі дамытуды тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны