15.02.2021, 21:37 9282

Тоқаев карантин жойылғаннан кейін қылмысқа қарсы күреске күш жұмылдыруды тапсырды

"Пандемияның экономика мен әлеуметтік салаға тигізген кері әсері қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол ашуы мүмкін. Құқық қорғау органдары осыған дайын болуға тиіс. Еліміздегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекеттерін бесігінде тұншықтыру керек".
Нұр-Сұлтан. 15 ақпан. Kazakhstan Today - Бүгін Бас прокуратура мен облыс прокуратуралары басшылығының қатысуымен өткен кеңес барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі криминогендік ахуалға назар аударды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы карантиндік шектеулер кезінде қылмыстық іс-әрекеттердің едәуір азайғанына қарамастан, шектеулер жеңілдетілгеннен кейін, керісінше, күш-жігерді жұмылдыра түсу қажет екенін айтты.
 

Пандемияның экономика мен әлеуметтік салаға тигізген кері әсері қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол ашуы мүмкін. Құқық қорғау органдары осыған дайын болуға тиіс. Еліміздегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекеттерін бесігінде тұншықтыру керек", – деді Мемлекет басшысы.

 
Президент Қылмыстық кодексті оңтайландыру жөнінде берген тапсырмасын еске салды. Бас прокуратура бұл жұмысты құқық қорғау органдарымен, арнайы мемлекеттік органдармен және Әділет министрлігімен үйлестіре отырып, атқаруы тиіс. Мемлекет басшысының пікірінше, аталған мәселеде қоғам пікірін, қоғам белсенділері мен сарапшылардың ұсыныстарын міндетті түрде ескеру қажет.
 

Жедел тергеу аппаратының күшін болмашы құқық бұзушылықтарға жұмсауға болмайды. Қызметкердің жұмысы шаш етектен болған кезде, оған істі рәсімдеп, сотқа жіберген оңай. Ол осыған басымдық береді. Мұндай жағдайда азаматтардың құқықтары мен қылмысқа қарсы нақты күрес екінші орында қалып қояды. Сондықтан елімізде жәбірленушілер тергеушілердің қандай да бір жұмыс нәтижесін айлап күтеді. Тергеу органдарының кәсіби кадрлармен толық қамтамасыз етілмеуі жағдайды ушықтырып жібереді. Прокуратура барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін үйлестіруші ретінде мұндай мәселелерге уақытылы мән беріп, әріптестерімен бірге оны шешуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Сонымен қатар, Президент құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау жүйесі аясында ғана емес, сонымен қатар, басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет екеніне назар аударды.
 

Мысал ретінде, көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде қаржы мониторингінің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн. Жалпы, прокуратура мұндай мәселелерде барынша белсенді, бастамашы болуы тиіс", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдарын үйлестіруді жолға қоюды тапсырды.
 

Өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айрылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Осыған байланысты Үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет. Оның міндеті ішкі істер органдарындағы, қаржы мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі реформаларды үйлестіру, барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін жақсартудың жаңа тәсілдерін іздестіру", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны