28.01.2022, 18:17 59286

Тоқаев Nur Otan туралы: партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет

Тоқаев Nur Otan туралы: партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет
Сурет: facebook/Берік Уали
НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚАҢТАР - Nur Otan төрағасы лауазымына сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия жаңаруы тиіс деп мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Президент елімізді жан-жақты жаңғырту үшін ұсынылған ауқымды мәселені еске салды. Оның пікірінше, "Nur Otan" реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға, Қазақстанды қарқынды түрде қайта құрудың және жаңартудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етуге тиіс.
 

Бұл үшін "Nur Otan" өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы партия мүшелерін төмендегі басымдықтарға баса мән беруге шақырды.
 
Президент партия ішіндегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіруді бірінші міндет ретінде атады. Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру үшін ауызбіршіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор.
 
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Президент "Nur Otan" партиясы негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет жағдайда мемлекеттік аппараттың жұмысына жол сілтеп отыруы керек екеніне назар аударды.
 

Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын және орындалмайтын уәде бермеген абзал. "Арық айтып, семіз шыққан" жөн. Ақиқатқа тура қарау қажет. Сондықтан партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керек", – деді Мемлекет басшысы.

 
Бұдан бөлек, Президент партияның ұйымдық құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда, бірінші орынбасар лауазымын атқарушы хатшы қызметімен алмастыруды, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша басқа да хатшылардың лауазымдарын қайта қарастыруды тапсырды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңестердің қазіргі жоспарларын, олардың жеке құрамдарын қоса алғанда түбегейлі жаңартуға, басқа партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен арадағы ынтымақтастықты жолға қоюға шақырды.
 
Президент Мәжілістегі партияның фракциясын қайта қарау, партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту, қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыру, партияның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиясын жаңа мазмұнда толықтыру, партия құрамындағы толып жатқан тиянақсыз, табансыз, мансапқұмар тұлғаларды орындарынан алу, сондай-ақ партияның "Jas Otan" жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту қажет деп санайды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қорының қызметіне арнайы тоқталды. Қорға ақшалай үлес қосқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар олигополияның бір бөлігі, тіпті соның дәл өзі болып табылатын бизнестегі кейбір белгілі тұлғалардың Президент бастамашы болған қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайтындарын атап өтті.
 

Бұны қалай түсінуге болады? Сараңдық па, нигилизм бе, салғырттық па әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да, бұл сұрақтың жауабын алуға мемлекеттің құзыреті жетеді. Ірі бизнес тарапынан жасалатын қайырымдылық үдерісін реттейтін арнаулы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Президент қызметінде болсын және партия жұмысында болсын ел мүддесіне берік болу қағидатын ұстанатынын жеткізді.
 

"Nur Otan" – еліміздің негізгі саяси күші. Сондықтан Қазақстанның болашағы үшін, ең алдымен, біздің партиямыз жауапты. Әрқайсымыз осы жауапкершілікті терең сезініп, жұмыс істеуіміз қажет. Шын мәнінде, "Nur Otan" мемлекетшілдер партиясы болуы керек. Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс", – деді партия Төрағасы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны