10.08.2026, 09:16 17876

Тоқаев отандастарымызды Абай күнімен құттықтады

Тоқаев отандастарымызды Абай күнімен құттықтады
Сурет: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі - рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды", - деді президент.


Мемлекет басшысы Абайдың адамды үнемі өзімен жұмыс істеуге, рухани өсуге және өзін-өзі жетілдіруге үндейтін кемел тұлға тұжырымдамасы - "Толық адам" идеясы туралы еске салды.

Президент биыл Қазақстан Абай күнін мемлекет пен қоғамдағы ауқымды өзгерістер аясында атап өтіп отырғанын айтты.

"Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Бұл - шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең", - делінген құттықтауда.


Тоқаев сондай-ақ тамыз айында еліміздің тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтетінін еске салды. Оның пікірінше, бір палаталы Парламент реформаларға жаңа сапа береді.

"Бұл өзгерістердің түпкі мәні - жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу. Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды", - деді мемлекет басшысы.


Тоқаев "Қара сөздерді" қазіргі Қазақстан құндылықтарының қайнар көзі деп атады. Оның айтуынша, "Адал азамат", "Таза Қазақстан", "Заң және тәртіп" идеялары Абай армандаған үйлесімді қоғамның негізін құрайды.

"Енді біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз", - деп атап өтті Президент.


Сөз соңында Тоқаев қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тіледі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны