28.01.2021, 17:40 15765

Тоқаев ҚР Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы Жарлыққа қол қойды

Нұр-Сұлтан. 28 қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды, онда Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы қаулы қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігін құру қаулы етемін. Оған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялары мен өкілеттіктері берілсін. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктер шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құқықтары мен өкілеттіктерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын", - делінген Жарлықта.

 
 "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 12-13, 116-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесі мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын: "Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі".
 
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі: 1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына: Агенттік төрағасымен бірлесіп, Агенттік және оның құрылымы туралы ереже жобаларын; Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және тиісті ведомстволық бағыныстағы ұйымның штат санын Агенттікке қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізсін; 2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдасын.
 
Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және тиісті ведомстволық бағыныстағы ұйымның штат санын қайта бөлуді; 2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
 
Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
 
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жанат Қалдыбекұлы Элимановты Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны