11.11.2022, 14:47 22276

Тоқаев ТМҰ цифрландыру орталығы мен түркі "жасыл" қаржы кеңесін құруды ұсынды

Самарқандтағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті ұйым елдерін IT-саладағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.
Тоқаев ТМҰ цифрландыру орталығы мен түркі "жасыл" қаржы кеңесін құруды ұсынды
Сурет: mobillegends.net
Самарканд. 11 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Самарқандтағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым елдерін IT-саладағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Ол соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатқанын айтты. Түркі елдерінің IT-саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады.
 
Президент жуырда Астанада "Digital Bridge" атты халықаралық іс-шара өткенін атап өтті. Онда ІТ-саласында жұмыс істейтін креативті жастарымыз бас қосып, бастамалары мен озық идеяларын ұсынды. Сондай-ақ, мемлекеттеріміздің IT-хабтары арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.
 

Осы ретте, мен Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Оған қол жеткізу үшін Түркі елдерінің Венчурлық қорын құрған жөн деп санаймын. Сол арқылы маңызды старт-ап жобаларға инвестиция тартуға жол ашылады", - деп ұсынды Мемлекет басшысы.

 
Мемлекет басшысы өз сөзінде "жасыл экономиканы" дамыту – аса маңызды міндет екенін айтты.
 

Климаттың өзгеруі көптеген жаһандық сын-қатерлер тудырып отыр. Бұл – бүкіл халықаралық қауымдастықты алаңдатып отырған мәселе. Оның экологиялық салдары елдеріміздің өркендеуіне кедергі келтіреді", - деді ол.

 
Оның айтуынша, әлем елдері соңғы 7 жылда "жасыл" облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөлді.
 

Осы ретте, мен бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін "Түркі жасыл қаржы кеңесін" құруды ұсынамын. Оны "Астана" халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы негізінде ашуға болар еді. Бүгінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы әлемдегі ірі компаниялар арасында танымал болып, жоғары деңгейде мойындалды. Ол жаңа Кеңестің Хатшылығы қызметін атқара алады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны