04.05.2007, 17:13 6338

Төтенше жағдайлар министрлігінің басты міндеті - төтенше жағдайдың алдын алуға шаралар қолдану - министр

СЕМЕЙ. 4-мамыр. Kazakhstan Today. Төтенше жағдайлар министрлігінің басты міндеті - төтенше жағдайдан кейін қимылға кірісу емес, оның алдын алуға шаралар қолдану болып табылады. Бұл туралы бүгін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келген ҚР төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпунов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның айтуынша, оның сапарының мақсаты - еліміздің төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдарының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюға бағытталған әрекеттерге дайындығын тексеруге саяды. "Біз төтенше жағдайлар саласындағы жергілікті жерлердегі нақты ахуалға баға беру үшін көзбе-көз танысып жүрміз. Соның ішінде мемлекеттік мобилизациялық резерв бөлімдері мен өртке қарсы күрес қызметтерін тексерудеміз",- деді В.Храпунов.

Министр мемлекеттік мобилизациялық резервтер комитетінің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын "Балхаш" РМК-ында, "Қазселденқорғау" мемлекеттік басқармасында және Семейдің орталық өрт сөндіру бөлімінде болды. Аталған үш кәсіпорында да техникамен жабдықтауға қатысты тауқыметтер бар.

Сонымен бірге министр қоймалардағы қорға жүргізілген санаққа қатысты сұрақтарға тұшымды жауап бере алмаған "Балхаш" РМК басшылығына қатаң сын айтты. "Бұл мәселені біз қосымша айқындайтын боламыз. Меніңше, біз мемлекеттік мобилизациялық резервтерді реформалау жайын таяу уақыттарда жан-жақты қарайтын шығармыз. Төтенше жағдай бола қалған күнде қажетті қор құру жайын ретке келтіру қажет",- деді В.Храпунов.

Оның хабарлауынша, министрдің тапсырмасына сәйкес жауапты қызметкерлер

мемлекеттік мобилизациялық резервтер комитетінің барлық бөлімшелерінде тексерулер жүргізіп, алдағы уақытта министрліктің арнайы алқа мәжілісінде есеп береді.

Өрт сөндіру бөліміне барғанында В.Храпунов биыл Семей қалалық өртке қарсы күрес қызметіне 50 метрлік арнаулы көтергіш құрылғы берілетінін жеткізді. Ол биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған. Қалада бұған дейін осындай техника болған емес. Қазір көтергішті сатып алуға тендер жүргізілуде.

Тұтастиай алғанда министр "Семейдегі бөлімшелердің министрлік алдына қойылған міндеттерді атқара алатынын" атап өтті. "Біз барлық жайтты алдын-ала ескеруге тиіспіз, "болары болып, бояуы сіңген соң" қимылға көшпей, төтенше жағдайдың алдын алуға шаралар қолдану - төтенше жағдайлар министрлігінің басты міндеті",- деді В.Храпунов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны