14.03.2007, 15:22 3181

Төтенше жағдайларға жауап қату жөніндегі Орталық Азиялық үйлестіру орталығын құру туралы құжаттарға маусым айында қол қойылуы мүмкін

АСТАНА. 14-наурыз. Kazakhstan Today. Төтенше жағдайларға жауап қату жөніндегі Орталық Азиялық үйлестіру орталығын құру туралы құжаттарға маусым айында қол қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"2007-жылғы маусымда Астанада өтетін кедейлік қаупін азайту жөніндегі Азиялық конференцияда Орталық Азия елдерінің құзыретті мекемелерінің жетекшілері тарапынан төтенше жағдайларға жауап қату жөніндегі Орталық Азиялық үйлестіру орталығын құру туралы хаттамаға қол қою мүмкіндігі қарастырылуда",- деді бүгін ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашев "Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығы: қазіргі ахуал, мақсаттар мен келешек" тақырыбындағы халықаралық бас қосуда сөйлеген сөзінде.

Б.Имашев Қазақстанның 2005-жылы Жапонияда өткен БҰҰ-ның кедейлік қаупін азайту жөніндегі ІІ Бүкіләлемдік конференциясында осындай орталық құру туралы бастама көтергенін еске салды. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысының пікірінше, мұндай құрылымның дүниеге келуі "төтенше жағдайлар жөнінде хабар беру мен ескертудің кешенді жүйесін құруға мүмкіндік береді". "Оның жұмысы аясында төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардаптарын жою жөніндегі ұлттық жүйелерді басқару органдарының іс-қызметін үйлестіру мүмкіндігі, сондай-ақ, ауқымды төтенше жағдайлар бола қалғанда бірлескен және халықаралық қайырымдылық операцияларын, іздестіру-құтқару шараларын жүзеге асыру үшін жоғары деңгейдегі ықпалдастық қамтамасыз етіледі",- деді Б.Имашев.

"Бүгінде халықаралық қоғамдастық төтенше жағдайлардың алдын алу саласында ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейдегі күш-жігерді біртұтас үйлестіру мен интеграциялық көзқарасты қолданысқа енгізу қажеттігін түсініп отыр",- деді Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. "Қазақстан жағының осынау ұсынысы аталмыш халықаралық стратегиямен толық сабақтасады",- деді ол.

Б.Имашев сонымен бірге Қазақстанның өз аумағында Азия мен таяу Шығыс аумағында қайырымдылық операцияларын жүзеге асырған жағдайда халықаралық гуманитарлық көмектерді сақтауға арналған транзиттік база мен гуманитарлық қоймалар құруды ұсынғанын да еске салды.

"Қазақстан мемлекеттік материалдық резерв нысандарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес аталмыш транзиттік базаларды орналастыру мәселелерін дәйектеуге дайын. Бұл ретте мүдделі жақтардың ұлттық заңнамасы мен халықаралық тәжірибе зерттелетін болады",- деді Б.Имашев.

Оның айтуынша, қазір "БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру жөніндегі кеңсесімен ұдайы ықпалдастықты қамтамасыз ету және оның аймақтық өкілдігін Қазақстанда ашу мәселелері" қарастырылуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны