11.05.2012, 15:48 2998

Тұрғын үй құрылысы шаруашылығы мен құрылыс саласы сыбайлас жемқорлыққа барынша шалдыққан

"Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында елді жаңғыртудың ең маңызды мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін ерекше атап өткен болатын. Ендеше, комиссияның алдындағы басты мақсат қай салада болмасын жемқорлықтың кез келген көрінісімен батыл күрес жүргізу болып табылады. Бұл күрестің қаншалықты тиімді болуы, біздің қоғамның әлеуметтік игілігіне, мемлекет беделіне және оның инвестициялық тартымдылығына да әсер етеді", - деді М. Құл-Мұхаммед.

Астана. 11-мамыр. Kazakhstan Today - Тұрғын үй құрылысы шаруашылығы мен құрылыс саласы сыбайлас жемқорлыққа барынша шалдыққан, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен аталмыш комиссия отырысы барысында мәлім болды.

"Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында елді жаңғыртудың ең маңызды мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін ерекше атап өткен болатын. Ендеше, комиссияның алдындағы басты мақсат қай салада болмасын жемқорлықтың кез келген көрінісімен батыл күрес жүргізу болып табылады. Бұл күрестің қаншалықты тиімді болуы, біздің қоғамның әлеуметтік игілігіне, мемлекет беделіне және оның инвестициялық тартымдылығына да әсер етеді", - деді М. Құл-Мұхаммед.

Бұл ретте комиссия мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2012 жылғы жағдайға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша терең сараптама жасап шыққан. Соның арқасында бірқатар салаларда сыбайлас жемқорлықтың проблемалы мәселелері анықталып отыр. Атап айтқанда, бұлар - жер қатынастары, баспана қолжетімдігі, тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-құрылыс шаруашылығы. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, табиғатты қорғау және еңбек заңнамасын сақтау салаларында да біраз мәселелер баршылық.

"Мемлекеттік органдардағы кадр саясаты мен "командалық ауысу" мәселесі де өзекті. Бизнесті қорғау мен мемлекеттік қызмет көрсету саласында да олқылықтар бар. Сондықтан да, комиссияның отырысына екі маңызды мәселені шығарып отырмыз. Бұл - құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды орындау бойынша бөлінген бюджеттік қаражаттарды игерудегі сыбайлас жемқорлық көрінісі. Екіншіден, жер қатынастарындағы мәселе. Баршаға белгілі тұрғын үй құрылысы шаруашылығы мен құрылыс саласы сыбайлас жемқорлыққа барынша шалдыққан сала. Ал жекелеген шенеуніктер мен коммерциялық құрылым басшылары үшін осы сала заңсыз баюдың айтарлықтай көзі болып табылады. Сондықтан да, көптеген дамыған елдер аталған салаларда сыбайлас жемқорлықтың жолын кесетін немесе оны барынша төмендететін тиісті тетіктерді құруға ұмтылады. Біз де солай жасауға тиіспіз", - деді М. Құл-Мұхаммед.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны