06.05.2008, 16:39 3080

Тұрлыханов кісі өліміне күдікті Саберлинов оның көмекшісі болды деген ақпаратты жоққа шығарды

Тұрлыханов кісі өліміне күдікті Саберлинов оның көмекшісі болды деген ақпаратты жоққа шығарды

Алматы. 6 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Дәулет Тұрлыханов 20 сәуір күні Астанада жасалған кісі өліміне күдікті Саберлинов оның көмекшісі болды деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ол бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Мен сіздерге ашығын айтып тұрмын. Ол менің көмекшім болмағанын мәлімдеймін", - деді Д. Тұрлыханов.

Оның айтуынша, "Қазақстанның кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында О. Саберлинов белгілі бір уақыт менің көмекшім, оң қолым болды деген ақпарат шыққан".

"Мен бүгін адвокат жалдауға мәжбүрмін. Мен ол ақпараттың қайдан шыққандығын анықтағым келеді. Ол қайдан шыққан және кім шығарған?" - деді Д. Тұрлыханов. Ол сонымен бірге қайтыс болған жас жігіттің ата-анасына, туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

"Мен О. Саберлиновты танимын. Ол республикалық деңгейдегі балуан болатын. Күрестен кейін, үлкен спортпен хош айтысқаннан кейін ол бапкер болмады. Кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Мен бұл жігітті білемін: әйелін, қызын көргенмін. Ата-анасы Ақмола обысының қарапайым адамдары еді", - деді Д. Тұрлыханов.

Оның айтуынша, О. Саберлиновпен таныс болуы ештеңе білдірмейді. Себебі, ол жай ғана таныстық.

"Қазіргі таңда бұл істі Астана қаласының ішкі істер департаменті жүргізуде. Мен оларға сауал жолдағам. Оларда ондай ақпарат жоқ болып шықты. Журналистер бұл ақпаратты қайдан алғаны белгісіз. Мен оны білемін, танимын. Дегенмен, тағы қайталап айтамын, ол менің көмекшім болған емес", - деп атап көрсетті ол.

"Қазіргі уақытта мен қоғамдық жұмыстармен, жеке бизнеспен айналысудамын. Бірақ, мен спорттан алысқа кете қойған жоқпын. Мен өзімді Қазақстан Республикасындағы ғана емес, халықаралық аренадағы спорт саласының мықты мамандарының бірімін деп есептеймін", - деді Д. Тұрлыханов.

Сонымен қатар, ол бұрынғы спортшылардың проблемасына тоқтап, бұл құбылысты қоғамның ортақ проблемасы деп атады. Оның айтуынша, көптеген спортшылар спорттық карьерасы аяқталғаннан кейін қоғамда өз орындарын таба алмай қиналады.

Д. Тұрлыханов бұл ақпараттың шығу көзін анықтамайынша бұл істі тоқтатпайтынын хабарлады. Сондай-ақ, осы ақпарат жарияланған БАҚ-на шағым түсіруді көздеп отыр. "Мен қорғаушы жалдап алып, өзімнің конституциялық құқығымды қорғауға мәжбүрмін. Мен үлкен сомадағы ақшаны талап ретінде ұсынуға мәжбүрмін. Келесі жолы ақпаратты дұрыстап жазып тарату керектігін біле жүрсін", - деп сөзін қорытындылады Д. Тұрлыханов.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 29 сәуір күні Астана қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанат Битенов кісі өлтірген Олжас Саберлинов екенін хабарлаған. "Олжас Саберлинов кісі өлтірді деп айыпталуда және оның кінәсі дәлелденді. Өлімнің жай-жапсары кейінірек хабарланатын болады", - деген еді Ж. Битенов.

Астана қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасы кейінірек таратқан баспасөз баянында хабарланғандай, 20 сәуір күні Жарақат және ортопедия ҒЗИ қабылдау бөлімінде "Нұрсая" тұрғын үй кешенінен жеткізілген 1988 жылы туған жас жігіт есін жимастан жан тапсырған.

"Астана қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аталмыш қылмысқа күдікті ретінде 1978 жылы туған Астана қаласында тұратын азамат Саберлинов Олжас Наурызбайұлын анықтап, оған халықаралық іздеу жарияланды. Қылмыскердің орнын анықтау және оны тұтқындау мақсатында қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

"Саберлиновтың тұтқындалуы уақыт еншісінде. Ал күдіктінің өзі болса, өз еркімен айыбын мойындап келуі оның кінәсін жеңілдететін жағдай болатынын және сотта оқылатынын ескеруі керек", - деп атап көрсетілген баспасөз баянында .

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны