20.05.2010, 17:54 3083

Түрмелерде қамауда отырғандардың ұялы телефонының шотын аңқау азаматтардың есебінен толтырып отырғаны анықталды

Түрмелерде қамауда отырғандардың ұялы телефонының шотын аңқау азаматтардың есебінен толтырып отырғаны анықталды

Астана. 20 мамыр. Kazakhstan Today - Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтей отырып, ұялы байланыс мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өздерінің қылмыстық кәсібін жалғастырған тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Павлодар облысында 7 жыл бас бостандығынан айыруға Қырықпаев сотталды. Ол түзеу мекемесінде жазасын өтей отырып, өзінің ұялы телефонының шотын аңқау азаматтардың есебінен толтырып отырған. Өзін "Мобил+" фирмасының директоры ретінде тыныстырып, азаматтарға пәтер ұтып алғандықтары туралы хабарлап, ұтысты алу үшін ұялы байланысты қолма-қол төлеу карталарының нөмірлерін айтуды сұраған",- деді М.Жұманбай.

Оның хабарлауынша, қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, алаяқтық фактілерінің басым бөлігін жылжымайтын мүлікпен жасалатын заңсыз әрекеттер құрайды.

"Мысалы, Алматы қаласында "Данель риелти" риелторлік фирмасының директоры Масенов пен оның орынбасары Сыдықовтың қылмыстық қызметі әшкереленді. Олар нақты қожайындарына білдірмей, жалған құжаттармен қозғалмайтын мүлікті алдап сату арқылы 48,6 млн теңгені иеленіп кеткен. Масенов пен Сыдықов мүлкін тәркілеумен сәйкесінше 8,6 және 7,6 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Астана қаласында 9 жылға бас бостандығынан айыруға азаматша Набина сотталды. Ол ипотекаға пәтерлер рәсімдеп беремін деген жалған сөз арқылы азаматтардың 35,5 млн теңгесін иемденіп алған",- деді ресми өкіл.

Сондай-ақ, қаржы полициясы өкілінің хабарлауынша, Астанада 5 жыл бас бостандығынан айыруға Абельгазин сотталды. Ол кіші отбасы нұсқасындағы бөлмелерді сатып алуға көмектесемін деген алдау арқылы 8 азаматтың 47 700 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын ұрлаған.

"Тұрғын үй бағдарламасы бойынша үлестірілетін пәтерлерді алуға жалған көмек жасау пайдакүнемдердің заңсыз баюының тағы бір қайнар-көзіне айналып отыр.

Батыс-Қазақстан облысында әрбіреуі 5 жылға бас бостандығынан шартты айыруға Нұрғалиева мен Биссалиева сотталды. Олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алуға көмектесемін деген сылтаумен 4 азаматтың 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын ұрлаған",- деді М.Жұманбай.

Алаяқтардың заңсыз баюының тағы бір әдісі - жер учаскелерін алуға жалған көмек жасау.

"Мәселен, Алматы облысында 6 жыл бас бостандығынан айыруға Кыпшақов сотталды. Ол 4 азаматқа Талғар және Іле аудандарында жер учаскелерін беремін деген желеумен олардың 95 мың АҚШ долларын ұрлаған. Астанада әрбіреуі 3 жылға бас бостандығынан шартты айыруға Рахманов пен Ахметов сотталды. Олар Гольф-клуб аумағында жер учаскесін алып береміз деген сылтаумен Б. деген азаматтың 10 мың АҚШ долларын ұрлаған",- деді ол.

"Бүгінгі күні құны арзан шетелдік авто көліктерді алып келу аңқау азаматтардың ақшасын ұрлаудың кең тараған схемаларының бірі болып отыр. Астана қаласында мүлкін тәркілеумен 6 жыл бас бостандығынан айыруға Жақыпов сотталды. Ол АҚШ-тан автомобильдерді алып келемін деген жалған сөзбен бірнеше азаматтың 14 млн теңгесін иемденіп кеткен. Шығыс-Қазақстан облысында 7 жыл бас бостандығынан айыруға Бойко-Бородин сотталды. Ол Польша мен Германиядан көлік тасып беремін деген алдаумен 20 азаматтың 21 млн теңгеге жуық ақшалай қаражатын ұрлаған",- деді М.Жұманбай.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны