18.07.2008, 19:29 2622

Үкімет астық қорын тұрақтандыруды қалыптастыру және күзгі жиын-терім кезеңінде ауыл шаруашылығының өнім өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге шара қолданды

Үкімет астық қорын тұрақтандыруды қалыптастыру және күзгі жиын-терім кезеңінде ауыл шаруашылығының өнім өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге шара қолданды

Астана. 18 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет астық қорын тұрақтандыруды қалыптастыру және күзгі жиын-терім кезеңінде ауыл шаруашылығының өнім өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге бірқатар шара қолданды, деп хабарлайды агенттік тілшісі үкіметтің баспсөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов бүгін астық қорын тұрақтандыруды қалыптастыру және күзгі жиын-терім жұмыстарын өткізу кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

Үкімет басшысы үстіміздегі жылғы 14 шілдедегі селекторлық кеңесте берген тапсырмасының орындалуы туралы Энергетика және минералды ресурстар министрі мен Ауыл шаруашылығы министрінің есебін тыңдады.

Энергетика және минералды ресурстар министрі С. Мыңбаев аталған министрлік бекіткен жедел кестеге сәйкес, мұнай өңдеуші зауытқа шикізат жеткізуді міндеттемеге алушы жер қойнауын пайдаланушылармен меморандум жасалғандығы туралы мәлім етті.

Сонымен бірге, мұнай өнімдерін өндірушілер тасымалданатын шикі мұнай көлемін қайта өңдеу жөнінде өздеріне міндеттеме алған.

Меморандумға сәйкес, мұнай өнімдерін жеткізушілер астық өндірушілерді 1 шілде мен 31 қыркүйек аралығындағы күзгі жиын-терім жұмыстары кезеңінде белгіленген баға бойынша 389 мың тонна жанар-жағармаймен қамтамасыз етулері қажет.

Барлық МӨЗ-тың мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуіне және өңірлерді жанар-жағармаймен қамту жөніндегі жедел ақпараттарға бақылау жасау Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеледі.

Жалпы, жер қойнауын пайдаланушылармен қол жеткізілген ішкі рынокқа мұнайды тасымалдауды арттыру туралы келісімдер тұрақтылықты қамтуға және жанар-жағармайға бөлшек сауда бағасының кейде төмендеуіне мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (БҚА) төрағасы М. Есенбаев бәсекелестікке қарсы келісімге және рыноктағы жағдайды бас пайдасына пайдаланушылыққа жол берген 29 субъектінің анықталғанын мәлімдеді.

Премьер-министр М. Есенбаевқа тиісті шаралар қабылдау және жолсыздыққа тосқауыл қою жөнінде БҚА-нің жұмысын жандандыруға тапсырма берді.

Астық қорын тұрақтандыруды қалыптастыру мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрі А. Күрішбаев бүгінгі күні әр облыс бойынша қажетті көлемі анықталғанын мәлім етті.

Министрдің ақпараты бойынша, 7 облыс астыққа деген өз сұранысын толық қамти алады. Ал, Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ өзге 7 облыс астықты еліміздің өзге өңірлерінен тасымалдауына тура келеді. Астыққа зәру өңірлер астық өндірушілермен тікелей келісім-шарт жасасатын болады.

Сонымен қатар, Қазақстанның Астық одағы тарапынан көлемі 200 мың тонна астықты құрайтын арнайы қор және рыноктық бағадан төмен 150 мың тонна астықты құрайтын интервенциялық пул қалыптастырылды.

"Біз мұнайлы және астықты ел болғандықтан да, халық бізден жанар-жағармаймен және тиісті баға бойынша нанмен қамтамасыз етуімізді талап етуге құқылы. Бұл екі мәселе үнемі бақылауымызда болуы тиіс",- деді К. Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны