02.05.2007, 15:45 3188

Үкімет басшысы 2008-жылдан бастап елімізде жанармай сапасының еуропалық стандарттарын енгізу мәселелеріне қатысты жұмыс тобын құруды тапсырды

АСТАНА. 2-мамыр. Kazakhstan Today. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 2008-жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде жанармай сапасының еуропалық стандарттарын енгізу мәселелеріне қатысты жұмыс тобын құруды тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Үкімет басшысының орынбасары Аслан Мусинге осы мәселе бойынша жұмыс тобын құруды тапсырамын",- деді К.Мәсімов бүгін өткен үкіметтің отырысында.

"Қазір бәрі де барлығы ойдағыдай деп жарыса есеп береді. Бірақ бәр тауқымет мәселе іске асырыла бастағанда басталады. Тиісті жанармайды өндіруге қашан, қалай көше аламыз, қандай зауыттар оны өндіре алады дегендей мұнай өңдеу саласына қатысты проблемалар мен елімізде автокөліктерге қатысты қандай жағдай қалыптасқандығын анықтап алу керек. Қашан және қалай мәселені жолға қоя аламыз, ол үшін үкімет не істеуге тиіс дегенді айқын білу қажет",- деді министр.

Бұған дейін өткен үкіметтің отырысында көлік және коммуникациялар вице-министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда Евро-2 стандарттары келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізіледі деген еді. ҚР көлік және коммуникация министрлігі таратқан материалдарға жүгінсек, оларда да Евро-3 стандарттары елімізде 2009-жылдың 1-қаңтарынан, Евро-4 стандарттары 2010-жылдың 1-қаңтарынан енгізіледі деп көрсетілген. Ж.Қасымбектің айтуынша, тиісті техникалық регламент үкіметке ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап енгізілмек. "Бұл шаралар еліміздің ірі қалаларындағы экологиялық ахуалды жақсартуға және көлік паркін жеделдете жаңалауға септігін тигізеді",- деп санайды көлік және коммуникациялар вице-министрі.

Республиканың энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың бағалауынша, Атырау және Шымкент зауыттары Евро-2 стандарттарына көшуге 2008-жылдың қаңтарына дейін дайын болса, Павлодар мұнай өңдеу зауыты бұдан сәл кешірек дайын болмақ.

Ал еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов "қазақстандық зауыттардың Евро-2 стандарттарынабір жылға жетпейтін мерзімде дайын бола қою мүмкіндігіне күмән келтірді". "Стандартта күкірт мөлшеріне қатаң шектеу қойылған. Ел еліміздегі шикізаттың құрамында күкірт мол",- деді министр.

Жанармай сапасына қатысты еуропалық стандарттарды енгізу осы стандарттарға сай келмейтін автокөліктерді елге әкелу мен оларды өндіруге тыйым салуды қажет етеді. Сол себепті республиканың ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың пайымдауынша, "тізгіні оң жақта орналасқан көліктердің кебін кимей тұрғанда", жаңа стандарттарды енгізбес бұрын мәселені егжей-тегжейлі зерттеп алған дұрыс.

Ал индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың пікірінше, осы талаптарға сай келмейтін автокөліктерді енгізуге тыйым салу мәселесіне байсалдылықпен дайындалу керек. "Бұл ұшы-қиырсыз жұмыс болғандықтан, алдымен кеденді, сосын тиісті таблицалар мен сынақ зертханаларын дайындап алу қажет", деді ол.

Қаржы министрі Наталья Коржова Қазақстан кеденін жаңалау бағдарламасы аясында "осындай жұмыстарға арналған жабдықтарды сатып алу" қарастырылғанын хабарлады. "Біз өзіміз айқындай тын регламентке бағынатын боламыз",- деді ол үкімет басшысына қаратып айтқан сөзінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны