22.01.2007, 14:54 3159

Үкімет басшысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына бірқатар мақсаттар қойды

Үкімет басшысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына бірқатар мақсаттар қойды

АСТАНА. 22-қаңтар. Kazakhstan Today. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде мекеменің алдына бірқатар мақсаттар қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бірінші кезекте біз мемлекет басшысы мен қоғамға дәл қазір әлеуметтік саладағы барлық тауқыметтерді шеше аламыз ба деген тұрғыда ашық әрі ақын жауап беруіміз қажет. Ал егер оған мүмкіндігіміз жетпесе, кезек күттірмес мақсат-міндеттерді белгілеуге тиіспіз. Ондай мақсаттар тым көп болуға тиіс емес, ал қалған проблемаларды біз кейінірек шешеміз. Бірақ біз алға қойған мақсаттарды толығымен орындап шығуға тиіспіз",- деді К.Мәсімов.

Осыған байланысты ол министрліктің басшылығына зейнетақы жинақтау жүйесінің "жұмыс істеу жағдайына сыни көзқараспен қарап", оның іс-қызметін түзету үшін ұсыныстар дайындауды тапсырды. "Расын айтсақ, біздің зейнетақы жинақтау жүйеміз жаңаша қырынан қарауды және соған сәйкес туындаған проблемаларды дұрыс шешуді талап етеді. Сол себепті біз жұмысты түзету бағытындағы сіздердің ұсыныстарыңызды үкіметте арнайы тыңдайтын болайық",- деді үкімет басшысы.

Сонымен бірге ол Еңбек кодексін тездетіп қабылдау және осы құжатты жүзеге асыруға қажетті нормативтік-құқықтық базаны жасау қажеттігін атап өтті. "100 пайыз жетілдірілген және барлық мәселені толық шеше алатын ешбір мінсіз заң деген болмайтын шығар. Бірақ ол ойын ережелеріне қатысты мәселеге айқындық беруге тиіс. Еңбек кодексі осындай ережелерді белгілейді. Олай болса, осы аяда алға жылжи берейік. Уақыты келгенде оны да жетілдіре жатармыз. Сол себепті мен министрліктен осы заңның жұмыс істеуіне қажетті нормативтік-құқықтық базаны жасауды кешіктіре бермеуді сұраймын",- деді үкімет басшысы еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсоваға қаратып айтқан сөзінде.

Сонымен бірге К.Мәсімов "икемді еңбек рыногын қалыптастыру қажеттігі мен көші-қон процесстерін жетілдіру қажеттігін" ерекше атады. "Былтыр Теңізде туындаған проблемалар биыл да шығып жатыр. Қазір де еліміздің батыс өңірлерінде көші-қонның үдей түсетінін ескерсек, ондай оқиғалар алдағы уақытта да көрініс беретіні анық",- деді үкімет басшысы. Үкімет басшысының пайымдауынша, "бұл мәселенің екі қыры бар: біз еліміздің барлық азаматтарына қайта оқыту орталықтарында еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіпті игеріп шығу мүмкіндігін беруге тиіспіз". "Еінші жағынан, тапшылығы жоғары, кәсіби жоғары біліктілікті талап ететін мамандықтар бойынша өз мамандарымызды дайындап шығаруға уақыт қажет. Сол себепті даму жолында кенжелеп қалмау үшін осы уақыт ішінде мамандарды шетелдерден тарту қажет",- деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сонымен қатар демографиялық саясатқа қатысты ұсыныстар дайындауды тапсырды. "Ол үкіметке тиісті тапсырмалар жүктеу үшін мемлекет басшысына ұсынуға қажет",- деді К.Мәсімов. Үкімет басшысы мүгедектерге арнап жәрдемақы бөлу мәселесін өз бақылауына алатынын атап өтті. "Егер кімде-кім мүгедектерге арналған ақшамен "ойнай бастаса", ондайларға қатаң жаза жүктеледі", деп ескертті үкімет басшысы.

Ол сонымен қатар бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне экономика және бюджетті жоспарлау министрлігімен бірлесіп "бюджеттің мүмкіндіктерін ескеру негізінде" осы мәселені дәйектеуді тапсырды. "Өз басым бюджет шығындарын өсіруге қарсымын. Өйткені, бюджеттің қоржыны көп жағдайда біздің ресурстарымыздың бағасына байланысты. Ал баға ұдайы өсе бермейтіні белгілі. Сол себепті бюджет шығындарын әсіре өсіре беруден абай болған жөн",- деді К.Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны