18.05.2006, 15:09 3217

Үкімет басшысы “Қазақтелеком” акционерлік қоғамын телекоммуникациялар нарығында монополия орнатқаны үшін сынады

АСТАНА. 18-мамыр. Kazakhstan Today. Республика үкімет басшысы Даниал Ахметов телекоммуникациялар нарығын монополиядан шығару жөніндегі кеңес барысында “Қазақтелеком” акционерлік қоғамын телекоммуникациялар нарығында монополия орнатқаны үшін сынады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Телекоммуникациялар нарығында табиғи монополия үстемдік құрып, бұл нарықта бәсекелестіктің дамуына жол бермей отыр”, - деді Д.Ахметов. Үкімет басшысының айтуынша, 2004-жылдан бері Қазақстанның телекоммуникациялар нарығында жұмыс істеуге ниет білдірген байланыс операторларының саны 852 болса, “Қазақтелекомның” магистральдық желілеріне бірігуге рұқсат алғандары небәрі 36 ғана болды. Негізгі желілерге, соның ішінде магистральдық желілерге иелік ететін “Қазақтелеком” кәсіпкерлерге кедергі келтіріп, олармен бәсекелесе алатын мүмкіндігі барлардың магистральдық желіге шығуына тосқауыл болуда”,- деді үкімет басшысы. Оның айтуынша, “Қазақтелеком” Қазақстанның бәсекелестікті дамыту жөніндегі заңын жорта елемей отыр. “Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша “Қазақтелеком” 33 млрд. теңге көлемінде пайда тапқанына қарамастан, халықаралық байланыс қызметі мен Интернет тарифтері жоғары күйінде қалып отыр”,- деді Д.Ахметов.

Сонымен бірге үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін төрт ұялы байланыс операторының үшеуінде “Қазақтелекомның” үлесі бар. Компания бұл операторлар акциясының 49 процентін иемденеді. “Бұл бәсекелестікті шектеп отыр”,- деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны