06.07.2006, 18:43 2794

Үкімет басшысы мен Йорк герцогы екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы талқылады

АСТАНА. 6-шілде. Kazakhstan Today. Йорк герцогы, Эндрю ханзада Альберт Кристиан Эдвардтың біздің елімізге ресми сапары жалғасуда. Бүгін үкімет үйінде премьер-министр Даниал Ахметов қадірлі қонақпен кездесті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, сауда-экономикалық қатынастардың келешегіне, білім мен мәдениет саласындағы өзара ықпалдастыққа қатысты пікір алмасты.

Қазақстан үкіметінің басшысы қадірлі қонақты республикада жүргізіліп жатқан экономикалық реформалармен таныстырды. Даниал Ахметовтың айтуынша, Қазақстанда британдық жобалар жүзеге асыра алатын туристік саланы белсенді дамыту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Бурабай демалыс аумағының жаңа сәулеттік келбетін жасау жұмысы жүргізілуде. Оған қоса, британдық шағын және орта бизнес өкілдерінің іскерлік қатынастарын дамыту мақсатында Қазақстанға келушілердің санын арттыру үшін жақын арада екі елдің арасындағы әуе қатынастарының санын арттыру жоспарланып отыр.

Бекзада Эндрю өз кезегінде, Қазақстан экономикасының қарқынды дамуын атап көрсетіп, Астананың келбетіне таңданысын жасырмады.

Қонақтың айтуынша, бүгінде Ұлыбритания мұнай-газ секторында Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге аса ықыласты.

Кездесу барысында атап көрсетілгеніндей, бүгінде Қазақстан-Ұлыбритания қатынастары біртіндеп даму үстінде. Ұлыбритания Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі болып табылады. Елдердің арасындағы тауар айналымы 5 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 212 кәсіпорын тіркелген, олардың қызметі мұнай-газ, көлік, металлургия және қаржы секторын қамтыған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны