27.02.2007, 17:14 2914

Үкімет таяу уақыттарда жергілікті аумақтық органдар үшін қарыз алу ережелерін бекітпекші

АЛМАТЫ. 27-ақпан. Kazakhstan Today. Үкімет таяу уақыттарда жергілікті аумақтық органдар үшін қарыз алу ережелерін бекітпекші. Бұл туралы бүгін Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігінің бас қосуы аясында "Қазақстандағы макроэкономикалық ахуалға шолу: қолайлы конъюнктурадан экономиканы әртараптандыру мен инфрақұрылымды дамытуға" тақырыбы бойынша ұйымдастырылған "дөңгелек үстел" барысында еліміздің экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Бердібек Сапарбаев құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бюджеттік кодекске сәйкес, жергілікті аумақтық органдар үкіметтен тиісті ақшалай қаржыны қарызға алу құқығына ие. Алайда, өкінішке орай, үкіметтен несие алатын барлық жергілікті органдардың бәрі бірдей оларды дер кезінде қайтара бермейді",- деді Б.Сапарбаев. Оның айтуынша, "аумақтық органдардың берешегі шаш-етектен". Бірақ ол осындай берешек көлемін нақты атаған жоқ.

Вице-министрдің айтуынша, дәл осындай себеппен "еліміздің экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі қазір жергілікті аумақтық органдар үшін жаңа қарыз алу ережелерін, жаңа тәртіп жобасын жасауда". "Біз онда барлық шарттарды көрсетеміз. Бұл аумақтардың дамуы үшін қажет",- деді Б.Сапарбаев.

"Мәселен, мен жұмыс істеген Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары 1990-шы жылдары және 2000-жылдардың басында үкіметтен даму мақсаттарына қарыз алған. Бұл осы өңірлердің экономикасының дамуына үлкен ықпалын тигізді. Сол себепті қазір біз жаңа ережелердің жобасын жасап жатырмыз, онда барлық кемшіліктерді ескеріп, таяу уақыттарда бекітеміз",-деді Б.Сапарбаев.

Өз кезегінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің аға банкирі Ульф Хиндстром үкіметке жергілікті бюджеттер тарапынан инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін алған несиелердің тиімділігін арттыру үшін "қарызға берілетін қаржылық құралдардың көп түрін қарастыруды" ұсынды. "Бұл бағдарлама аясында тек облигациялар мен бондтар ғана ұсынылады. Меніңше, басқа да қаржылық құралдардың есебінен диверсификациялау қажет. Басқаша айтқанда, жобалар облигация арқылы берілген қарыздан гөрі несиелік қаржыландыру арқылы жақсы жұмыс істейді",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны