07.06.2007, 12:24 1279

Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына осы жылы 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінді - президент

АСТАНА. 7-маусым. Kazakhstan Today. Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына осы жылы 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада интернет-конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазақ тілінің мәселесіне келетін болсақ, Конституциямыз бойынша, қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Тіл туралы заңда қазақ тілін одан әрі қалай дамыту мәселесі толық жазылған. Тіл дамымай жатыр деген алып-қашпа әңгімелерге ешқандай негіз жоқ. Осы бағытта арнайы жұмыстар жасап жатырмыз. Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына осы жылы 2 миллиард 700 миллион теңге бөлініп, шенеуніктерді тегін оқыту жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр",- деді Н.Назарбаев.

Ал латын қарпіне көшу мәселесіне тоқталған президент былай деді : "Мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12-сесиясында, "Ана тілі", "Қазақ әдебиеті" газеттеріне берген сұхбаттарымда латын қарпіне көшу жөнінде айтқан болатынмын. Бұл - қазіргі кезде ғалымдар айналысатын мәселе. Бұл мәселені ғалымдар талқыласын, біз алды-артымызды ойланайық. Бүгін, ертең шешілетін мәселе емес, болашақтың мәселесі",- деді.

"Біз қазір Интернет, ақпараттық технологиялар жөнінде айтып отырмыз. Интернеттің тілі - латын әрпі. Болашағымыз ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Балаларымыз 1 сыныптан бастап ағылшын тілін оқып жатыр, яғни латын алфавитін жақсы біледі. Ал енді қазақтың тілін латын қарпіне қалай бейімдеуге болады? Осы орайда түрік ағайындардың қандай артықшылығы, кемшілігі бар? Көрші ағайындарымыз Өзбекстан мен Түркіменстан латын қарпіне көшіп жатыр. Солардың тәжірибесін зерттеуіміз керек",- деген ой білдірді Елбасы.

"Біз бұл мәселеде асығыстық жасамауымыз қажет деп ойлаймын. Ғалымдарымыз бұл мәселе пісті-жетілді, мінеки әліппенің бәрін жөндедік, қазақтың дыбыстарының бәрін ретке келтірдік дегенде ғана, қолға алғанымыз дұрыс болады",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны