20.11.2012, 16:23 3265

Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің отырысы өтті

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Отырыста Мемлекет басшысының жастар саясатына қатысты тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды.

Астана. 20-қараша. Kazakhstan Today - Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Отырыста Мемлекет басшысының жастар саясатына қатысты тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды.

Отырыста Мемлекет басшысының жастар саясатына қатысты тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды.

"Өздеріңіз білесіздер, жастар мәселесі қашан да Президентіміздің ерекше назарында. Оларға қамқорлық, жан-жақты қолдау - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. "Жас Отан" съезінде Мемлекет басшысы Үкіметке жастар саясатын іске асыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде жұмыспен қамту, баспана салу, әлеуметтік қорғау, Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасын дайындау мәселелері бар", - деді С.Ахметов.

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың хабарлауынша, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмаларын орындау аясында министрлік құрылымында жастар ісі жөніндегі комитет, өңірлерде жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалар құрылды, елімізде жастардың негізгі "әлеуметтік лифтісі" ретінде білімнің рөлі артуда. Соңғы 10 жылда арнаулы орта білімі бар қазақстандықтардың саны 40%-ға, жоғары білімі барлар - 3 еседен артық өсті.

Сондай-ақ министрлік мемлекеттік жастар саясаты Тұжырымдамасының жобасы бойынша да жұмыстарды жалғастырып жатыр. Жаңа Тұжырымдаманың ерекшелігі- онда білім алушы жастар ғана емес, сонымен қатар, ауылдық, жұмысшы, өз бетінше жұмыс істейтін, жұмыссыз, маргиналды санаттағы жастар мәселесінің де толығымен қарастырылуында болып отыр.

Б.Жұмағұловтың атап көрсетуінше, 2001 жылмен салыстырғанда елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық 4 есеге төмендеген және 3,8% құраған. Бірақ, жастар арасындағы жұмыссыздық құрылымының өзгеруі және ТжКБ мекемелері мен жоғары оқу орындарының жұмыспен қамтылмаған түлектерінің әлі де көптігі сияқты алаңдаушылық үрдістер сақталуда.

"Сондықтан да жастарды жұмыспен қамтуды қолдаудың жаңа кешенді жүйесін құру қажет. Жаңа жүйе жастардың жұмыспен қамтылу жағдайына нақты және толық мониторинг жүргізеді, кадрларды кәсіптік даярлау жүйесінің жұмысына қажетті түзетулер әзірлейді. Ең бастысы - жастарды жұмыспен қамту ісіне өңірлерде қолдау көрсету", - деп түйіндеді өз сөзін министр.

"Нұр Отан" ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Министрлер кабинетінің мүшелеріне салалық және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуде жастардың проблемаларын ескеру, сондай-ақ осы құжаттарды әзірлеуге жастардың өкілдерін тарту туралы өтініш білдірді.

"Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов өз кезегінде, партияның жастар қанаты жастардың өзекті мәселелерін тиімді шешуге бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастыратынын жеткізді.

"Бүгінгі күні халқымыздың төрттен бірін жастар құрап отыр. Оларға жағдай жасалып жатыр. Елбасы тапсырмалары бойынша қажетті заңдар, бағдарламалар қабылдануда. Осы құжаттардың әр облыста, әр елді-мекенде сапалы орындалуына бақылауды күшейту керек", - деп атап көрсетті С.Ахметов өз сөзінде.

Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне мүдделі органдармен, жергіліктік әкімдіктермен бірлесе отырып, Елбасының тапсырмаларын сапалы орындауға қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Үкімет мүшелері сондай-ақ "2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңын жүзеге асыру туралы" ҚР Үкіметінің қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулы қабылдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны