13.05.2008, 11:38 1866

Үкімет "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ құру туралы қаулы қабылдады

Үкімет "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ құру туралы қаулы қабылдады

Астана. 13 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ құру және оны құруға үкіметтің резервінен қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады. Бүгін өткен үкіметтің отырысында осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Шешім қабылданды, мен қаулыға қазір-ақ қол қоямын, ол бүгін күшіне енеді", -деп мәлімдеді Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Бұған дейін еліміздің денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой бұл холдингтің құрамына Астанадағы денсаулық сақтау саласындағы алты инновациялық нысан кіретінін хабарлаған болатын.

"Қазір 500 төсекке есептелген Ұлттық ана мен бала орталығы және Балалардың республикалық сауықтыру орталығы секілді екі нысан жұмыс істеп жатыр. Қалған үш нысан - 160 төсекке есептелген Нейрохирургия жөніндегі ғылыми орталық пен 240 орынды Жедел медициналық жәрдем жөніндегі ҒЗИ және 500 келушіге есептелген Диагностикалық орталық биыл құрылады деп жоспарланған, ал 2010 жылы 180 төсекті Кардиохирургиялық орталық іске қосылады", - деді министр.

Оның айтуынша, холдинг активтерін халықаралық тендер өткізу арқылы шетелдік компанияның сенімді басқаруына беру оның тиімділігін арттырмақ.

"Қаулының жобасында бастапқы кезеңдегі шығындарға арнап 58,4 млн теңге көлеміндегі жарғылық капитал қалыптастыру қаржысын бөлу қарастырылған, бұл қаржыны біз үкіметтің резервінен бөлуді сұраймыз", - деді А. Дерновой.

Сонымен бірге, оның айтуынша, ағымдағы жылдың республикалық бюджетін нақтылау аясында министрлік құрылатын акционерлік қоғамның жарғылық капиталын толықтыруға 143,9 млн теңге, сондай-ақ, акционерлік қоғам болып қайта құрылатын Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығы, Диагностикалық орталық пен Жедел медициналық жәрдем жөніндегі ҒЗИ секілді үш РМК-ның жарғылық капиталының көлемін ең төменгі мөлшерге дейін жеткізу үшін 136,2 млн теңге бөлуді ұсынды.

"Ұлттық медициналық холдинг оның құрамына енетін алты акционерлік қоғамның жарғылық капиталының қаржысы, олардың іс-қызметінен түсетін дивидендтер есебінен қаржыландырылады", - деді министр. Оның айтуынша, холдинг жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуымен дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейді.

"Бұл холдингтің сатылатын акцияларының құнын төлеуге алты денсаулық сақтау нысаны мен Қазақ мемлекеттік медициналық академиясының мүлкі беріледі", -деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны