23.01.2007, 12:36 2788

Үкіметте әкімшілік реформаны жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның алғашқы мәжілісі өтті

АСТАНА. 23-қаңтар. Kazakhstan Today. Кеше премьер-министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен әкімшілік реформаны жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның алғашқы мәжілісі өтіп, онда күн тәртібіне 9 мәселе енгізілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұрын хабарлағанымыздай, үстіміздегі жылғы 13 қаңтарда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы президентінің жарлығын іске асыру жөнінде үкімет қаулысы қабылданып, іс-шаралар жоспары белгіленіп, жұмыс кестесі бекітілген еді. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында ведомствоаралық комиссияның 4 жұмыс тобы құрылып, іске кіріскен.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше мәжіліс барысында әкімшілік реформаны жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс жоспары, мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін зерделеу жөніндегі орталық құру жөніндегі ұсыныстар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі нормативтік құжаттар қорытындыларының тізбесі, ведомствоаралық комиссияның жұмысшы органы - экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің жұмыс жоспары мен басқа да мәселелер жан-жақты талқыланды.

Сондай-ақ, ведомствоаралық комиссия мүшелері функционалдық талдау жүргізу, мемлекеттік басқарудың құрылымын және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді жетілдіру, бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің оңтайлы санын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жұмыс тобының іс-шаралар жоспары бойынша өзара пікір алмасты.

"Икімшілік реформа жүргізудегі мақсат - мемлекеттік басқару органдары қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру",- деп атап өткен премьер-министр, толықтай алғанда, мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін зерделеу жөніндегі орталық құру туралы бастаманы қолдады.

Мәжілісте жұмыс топтарының жұмыс жоспарлары мақұлданды. Премьер-министр алдағы уақытта оларды тағы да пысықтап, қажетті толықтырулар енгізу жайлы нақты тапсырмалар берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны