08.05.2012, 11:58 3158

Үкіметте бағаны тұрақтандыру және әлеуметтік серіктестік мәселелері талқыланды

Экономикалық даму және сауда министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің, Статистика агенттігінің және Ұлттық банктің өкілдері баяндамалар жасады.

Астана. 8-мамыр. Kazakhstan Today - Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың төрағалығымен Илеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Отырыста азық-түліктің, тауарлар мен қызмет көрсетулердің бағаларын тұрақтандыру мәселелеріне қатысты Кәсіподақтар федерациясының мәлімдемесі қаралды.

Экономикалық даму және сауда министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің, Статистика агенттігінің және Ұлттық банктің өкілдері баяндамалар жасады.

Экономикалық даму және сауда вице-министрі Мадина Ибілқасымованың хабарлауынша, 2011 жылдың наурызы мен 2012 жылдың наурызы аралығында жылдық инфляция 4,6 пайызды құрады. Осы аралықта азық-түлік тауарларының бағасы 4,6 пайызға, қызмет көрсетулердің бағасы - 4,1 пайызға өсті. Тоқаш және ұннан жасалған өнімдердің бағасы 6,1 пайызға, сүт өнімдерінің бағасы - 5,5 пайызға, кофе, шай, какао - 5 пайызға, макарон өнімдері- 2,7 пайызға өсті.

Есесіне, қант бағасы 17,5 пайызға, көкөніс пен жеміс - 16,2 пайызға, жарма өнімдерінің бағасы - 8,2 пайызға, ұн - 4,9 пайызға арзандады.

Қазіргі таңда Экономикалық даму және сауда министрлігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі бірқатар шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Министрлік облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудегі арағайындарды жоюдың ықтимал тетіктерін зерделеуде.

Экономикалық даму және сауда министрлігінің ақпараты бойынша, инфляцияның көтерілуіне әлемдік тауарлы нарықтардағы бағалардың өсуі негізгі фактор болып отыр. Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, өткен жылдың наурызы мен ағымдағы жылдың наурызы аралығында энергия ресурстары мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген әлемдік бағалар өскен.

"Үкімет халықтың тұрмыс деңгейін қолдау үшін және әлеуметтік-маңызды азық-түлік тауарлары бағаларының негізсіз өсуіне жол бермес үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдауда", - деп хабарлады вице-министр өз сөзінде. Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қаулысымен әлеуметтік-маңызды азық-түлік тауарларының 2012 жылға арналған бөлшек сауда бағаларының шекті мәндері бекітілді.

Талқылаудың қорытындысы бойынша Е.Орынбаев Экономикалық даму және сауда министрлігіне -тұрмысы төмен отбасыларды қолжетімді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуді қолдаудың тетіктерін әзірлеу туралы; Бәсекелестікті қорғау агенттігіне - кейбір азық-түлік бағаларының күрт өсу фактілері бойынша тексеру жүргізу туралы тапсырма берді.

Отырыста сондай-ақ мұнай-газ саласындағы әлеуметтік-серіктестік пен әлеуметтік диалог мәселелері талқыланды және Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс қорытындысы қаралды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны