22.01.2013, 13:56 2970

Үкіметте "Doing Business" рейтингін жақсарту жөніндегі жұмыстардың нәтижелері және 2013 жылдың міндеттері талқыланды

"Қазақстан "Кәсіпорындарды тіркеу" көрсеткіші бойынша - 55-ші орыннан 25-ші орынға көтерілді, оған кәсіпорындар құру амалдарының оңтайландырылуы және тіркелуден кейін үш айдың ішінде минимальды капиталды төлеу туралы талаптың алып тасталынуы негіз болып отыр", - дейді Е.Досаев.

Астана. 22-қаңтар. Kazakhstan Today - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Дүниежүзілік банктің "Doing Business" рейтингінің көрсеткіштерін жақсарту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері және 2013 жылдың міндеттері қаралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өз сөзінде атап көрсеткендей, еліміздің Дүниежүзілік банктің "Doing Business" рейтингінде алып отырған орны - бизнес-ахуалды жақсарту жөніндегі Үкімет жұмысының көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Жыл сайын өзгеретін есептеу әдістемесі бойынша Қазақстан 2012 жылы 49-шы орынға тұрақтап, Қытай (91-орын), Түркия (71-ші орын), Польша (55-ші орын), Ресей (112-ші орын), Беларусь (58-ші орын), Қырғызстан (70-ші орын) елдерінен озды.

"Қазақстан "Кәсіпорындарды тіркеу" көрсеткіші бойынша - 55-ші орыннан 25-ші орынға көтерілді, оған кәсіпорындар құру амалдарының оңтайландырылуы және тіркелуден кейін үш айдың ішінде минимальды капиталды төлеу туралы талаптың алып тасталынуы негіз болып отыр", - дейді Е.Досаев.

Ал "Төлем қабілетсіздігіне рұқсат беру" көрсеткіші бойынша Қазақстан 55-ші орында тұр. Оңалтуды жеделдетіп жүргізуді енгізу, оңалту мерзімін ұзарту және арбитраждық басқарушыларға қойылатын біліктілік талаптарын көтеру жөніндегі реформалар жүргізіліп отыр, дейді министр.

Е.Досаевтың айтуынша, дегенмен жекелеген көрсеткіштер бойынша Қазақстанның рейтингі онша жоғары емес. Жүргізілген жұмыстарға қарамастан, "Құрылысқа рұқсат алу" және "Халықаралық сауда-саттық" көрсеткіштері бойынша еліміз сәйкесінше 155-ші және 182-ші орындарды қанағат тұтып отыр.

"Doing Business" рейтингін жақсарту жөніндегі барлық жұмыстар аталған рейтингтегі Қазақстанның көрсеткішін жетілдіру мақсатында нормативтік құқықтық базаны жақсартуға ғана бағытталып отырған жоқ, сонымен бірге жалпы бизнес-ахуалды жақсартуға және оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға да бағытталып отыр", - деп атап көрсетті экономика министрі өз сөзінде.

Дүниежүзілік банк рейтингінің басқа көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі жұмыстар туралы қаржы министрі Болат Жәмішев, Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттік төрағасының м.а. Серік Нокин және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов баяндама жасады.

Үкімет басшысы С.Ахметов кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік орган басшыларына "Doing Business" көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі 2013 жылға арналған іс-шаралардың кешенді жоспарының аясындағы жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны