27.09.2006, 18:14 2692

Үкіметте Қазақстан мен Ресей шекаралық өңірлері жетекшілерінің форумын өткізу мәселесі қаралды

АСТАНА. 27-қыркүйек. Kazakhstan Today. Бүгін үкіметте премьер-министр Даниал Ахметовтың төрағалық етуімен 2006 жылғы 3 қазанға жоспарланып отырған Орал қаласында мемлекет басшылары қатысатын, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы шекаралық өңірлері жетекшілерінің форумын ұйымдастыруға және өткізуге байланысты мәселелер бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес барысында Ресей жағы алдын ала берген тізімге сәйкес, екіжақты құжаттарды қол қоюға дайындауға қатысты пікір алмасылды. Барлығы 11 құжат қаралды, оның 5-і талас туғызбайды, қол қоюға дайын. Олар мыналар: шекара маңындағы аумақтардағы тұрғындардың қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы, Орынбор газ өңдеу зауыты базасында бірлескен кәсіпорын құрудағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер, Астрахань су-көлік түйіні, Махачкала (Ресей) және Ақтау (Қазақстан) порттары арқылы тіке халықаралық теміржол-паром қатынасын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрлігі мен Ресей Федерациясы арасындағы келісім, сондай-ақ Байқоңыр қаласының мәртебесіне қатысты құжаттар.

Үкімет басшысы өзге құжаттар бойынша жағдайды талдай келе, қазақстандық тараптың қол қою рәсіміне толық әзір екенін атап өтті.

Бұдан басқа кеңесте қазақстандық үкімет басшысының Ресей Федерациясына жұмыс бабындағы сапарына дайындық барысы қаралды. Бұл сапар аясында Ресей Федерациясының премьер-министрі Михаил Фрадковпен екіжақты кездесу өтпек. Сапар барысында сондай-ақ атом өнеркәсібіне және ғарыштық саланы одан әрі тереңдетуге ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар кездесулер жоспарланған.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр тиісті мемлекеттік органдарға алдағы іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға тапсырма берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны