11.03.2007, 15:37 3177

Үкіметте Қазақстанның электрондық картасының тұсаукесері болды

АСТАНА. 11-наурыз. Kazakhstan Today. Бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ бірлесіп жасаған Қазақстанның электрондық картасы жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев хабарлағандай, қазіргі уақытта аталмыш электрондық картаға халыққа қызмет ететін барлық қолданыстағы орталықтар туралы (қызметкерлер саны, азаматтарға қызмет көрсететін орташа уақыт, берілетін құжаттар саны) мәліметтер енгізілген, ағымдағы жылы салынатын барлық денсаулық сақтау және білім беру нысандары (олардың орналасатын орны, жоспарланған қуаттылығы, келушілердің саны, ауруханалар, емханалар, Интернетке қосылған мектеп сандары және т.б.) көрсетілген. Сонымен қатар, Қ. Есекеевтің сөздеріне сүйенсек, картада өңірлердегі өндіріс орындарының орналасуы туралы мәліметтер де бар.

"Агенттік картаның бейнесін Астанадан барлық облыс орталықтарындағы селекторлық жиынға қатысушыларға нақты уақыт режимінде таратты",- деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің төрағасы. Оның сөздеріне сүйенсек, артынан электрондық картадағы барлық ақпарат үкіметтің порталына жіберіледі.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов өз кезегінде, "бұл карта толығымен өңделіп біткенде, біз оны Интернетке және Елбасы алдына экранға шығарамыз, сол арқылы жұртшылық қайда кімнің олқылыққа жол бергенін, ал кімнің қалай алға жылжып бара жатқандығын біліп отырады ", деді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова өз кезегінде, Қазақстанның электрондық картасына барлық әлеуметтік нысандарды (қарттар үйі, мүгедектер үйі, жетім балалар үйі, жетім бүлдіршіндер үйі) енгізуге ұсыныс жасады. "Жыл сайынғы бюджетті қорғауда бұл біз үшін өте маңызды",- деді ол. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой аталмыш картаға "әрбір ауру түрлері бойынша әрбір елдімекендегі және әрбір емдеу мекемесіндегі ахуалға қатысты ақпараттар" енгізуді ұсынды. "Бұл бізге халықтың ауру ахуалын өсу қарқынына қарай қадағалап отыруға мүмкіндік береді",- деп атап өтті ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны