05.06.2012, 17:00 19443

Үкіметте "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы қабылданды

Баршамызға аян, Елбасы Н.И.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды тапсырған болатын. Мемлекеттік қолдаудың аясында тұрғын үй құрылысы мен оның төлемақысының басымдықты көрсеткіштері анықталды: баспананың ауданы 35 шаршы метрден 75 шаршы метрге дейін болады, шекті құны - 80-100 мың теңге/шаршы метр, ал орташа айлық төлемі 50 мың теңге.

Астана. 5-маусым. Kazakhstan Today Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Онда "Қолжетімді баспана-2020" атты тұрғын үй құрылыс бағдарламасы қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Баршамызға аян, Елбасы Н.И.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды тапсырған болатын. Мемлекеттік қолдаудың аясында тұрғын үй құрылысы мен оның төлемақысының басымдықты көрсеткіштері анықталды: баспананың ауданы 35 шаршы метрден 75 шаршы метрге дейін болады, шекті құны - 80-100 мың теңге/шаршы метр, ал орташа айлық төлемі 50 мың теңге.

"Қолжетімділік факторларының бірі тұрғын үйге төленетін бір айдағы орташа төлем мөлшері. 40 шаршы метр аумақтағы пәтерлерді мысалға ала отырып, Бағдарламаның төртінші бағыты бойынша бір айдағы орташа төлем 30 мың теңгеден 50 мың теңге аралығын құрайтын болады. Бұл осындай пәтер үшін төленіп отырған 86 мың теңгеден әлдеқайда арзан және табысы төмен халық үшін қолжетімді", - деді С.Нокин.

Бағдарламада 2015 жылға қарай "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі" желісі бойынша тұрғын үй құрылысының ауқымын 530 мың шаршы метрге немесе жыл сайын 6,5 мыңнан астам пәтерге жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде 3 мың пәтер немесе 200 мың шаршы метрі - жас отбасыларға арналған.

Бағдарламаның ең перспективалы бағыттарының бірі "Қазақстандық ипотекалық компания" желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын дамыту болып отыр. Бұл бағыт бойынша жылына 530 мың шаршы метрге дейін баспана салу жоспарлануда. Осы тетікті жүзеге асыру үшін ең жақсы құрылыс компаниялары және құрылыс индустриясындағы кәсіпорындармен ынтымақтаса отырып жұмыс істейтін тұрғын үй құрылыс корпорацияларын құру көзделген.

Келесі бағыт - баспана кезегінде тұрғандарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы. 2014 жылдан бастап жыл сайын 275 мың шаршы метр баспана немесе 4500 пәтер салу жоспарлануда, қазір бұл көрсеткіш 2-2,5 мың пәтерді құрайтынын айта кету керек. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері үшін, әлеуметтік аз қамтылған халықтың 11 санаты үшін, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, тұрып жатқан үйлері апатты деп табылған азаматтар үшін баспана салуды ұйымдастыратын болады.

"Сонымен қатар, аумағы 35 шаршы метр бір бөлмелі пәтерлерден бастап, аумағы 73 шаршы метр 4 бөлмелі пәтерлерге дейін тек 4-ші санаттағы тұрғын үйлер салынатын болады. Бір шаршы метрдің құны 80 мың теңге. Бұл бағыттың әлеуметтік маңызын ескере отырып, ағымдағы жылы бюджетті нақтылау кезінде оны қаржыландыру мөлшері 10 млрд. теңгеден 20 млрд. теңгеге дейін, екі есеге көбейтілді", - деп атап өтті С.Нокин.

Бағдарламада тұрғын үй құрылысының басқа да бағыттары қарастырылған. Апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзып, орнына жаңа баспана салу сол бағыттардың бірі. Бұндай жобаларды Астана қаласы мен Маңғыстау облысында жүзеге асыру көзделіп отыр.

Жеке тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету Бағдарламаның басым бағыты болып табылады. Бағдарлама аясында 2020 жылға қарай жыл сайын 28 млн. шаршы метр аумақтағы немесе 30 мың жеке тұрғын үй салу жоспарлануда.

Бағдарламаның келесі бағыты тұрғын үй қорын жөндеу. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыру Бағдарламасының аясында былтырдан бастап мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда, мемлекеттік қолдау шаралары күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум нысандарының үлесін 2015 жылға қарай 32 пайыздан 22 пайызға, 2020 жылға қарай 10 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

"Бағдарламаның 2012-2020 жылдар аралығында, яғни 9 жыл ішінде сәтті жүзеге асырылуы үшін 1 трлн. 951 млрд. теңге немесе жылына орташа есеппен 217 млрд. теңге қажет болады. Тұрғын үй салу үшін бір жылдағы орташа ресурстық қажеттілік 113 млрд. теңгені, инженерлік инфрақұрылым саласына қажетті сома 146,2 млрд. теңені құрайды. Бағдарламаның 2012 жылы жүзеге асырылуы үшін республикалық бюджеттен 146,2 млрд. теңге көзделген", - деді С.Нокин.

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде 63 млн. шаршы метр аумақты алатын жаңа баспана пайдалануға беріліп, 35 млн. шаршы метр аумақтағы екінші кезекті тұрғын үйлер жаңартылады, 1 млн-ға жуық отбасы баспана жағдайларын жақсартып, отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы құрылыс материалдарын шығару үлесі 65 пайыздан 90 пайызға жетеді.

"Серік Ахметов бастаған жұмыс тобы осы төрт ай бойы жұмыс істеді, бағдарламаға қатысты сауалдар, сыни пікірлер көп болды, біз талқылау үшін көп рет бас қостық. Бүгін Бағдарлама толық дайындалып біткендей әсер алдым. Менің ойымша, Бағдарлама іске қосуға дайын", - деді К.Мәсімов.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет жаңа тұрғын үй бағдарламасын қабылдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны