04.05.2007, 19:03 2888

Үкіметте "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастығы орталығын және "Достық-Алашанькоу" халықаралық темір жол өткелін дамыту жөнінде кеңес өтті

АСТАНА. 4-мамыр. Kazakhstan Today. Бүгін үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастығы орталығын және "Достық-Алашанькоу" халықаралық темір жол өткелін дамыту жөнінде кеңес өтті.

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша аталған мәселені жан-жақты пысықтау үшін екі жұмыс тобы құрылған еді, олар бүгін өз жұмыстарының қысқаша қорытындылары туралы К. Мәсімовке баяндап берді.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастығы орталығын дамыту жөніндегі жобаны қаржыландыруды ұлғайту қажеттігіне тоқталды. Министрдің айтуынша, "бірқатар объектілер құрылысын аяқтау үшін қаражат биылғы жылы керек".

Екінші мәселе бойынша ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Бердібек Сапарбаев сөз алды. Ол "Достық" арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі жұмыстарды жандандыруды ұсынды. АЭА тәртібі, Б. Сапарбаевтың айтуынша, "Достық" теміржол өткелі арқылы жүк тасымалын арттыруға және бәсекеге қабілетті экспорттық тауарлар шығару жөніндегі жоғары технологиялы өндірісті дамыту үшін жағдай туғызады, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстың белсенділігін арттыруға мүмкіндік туғызады.

Оның ақпараты бойынша "Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылмен салыстырғанда 195 пайызға өскен. Негізінен барлық тауарлар Қытай мен Қазақстаннан "Достық" арқылы теміржолмен тасымалданады.

Жұмыс тобы тарапынан айтылған ұсыныстар мен кеңеске қатысушылардың пікірлерін түйіндей келе, премьер-министр "жалпы айтылған ұсыныстар мен пікірлер қолдау табады. Қарқынды кемітпестен, аталған мәселе бойынша кешенді жұмысты одан әрі жүргізу қажет" деп қадап айтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны