25.04.2012, 12:26 4816

Үкіметте туризм саласын дамыту мәселелері талқыланды

Туризм саласын дамыту жөніндегі аталмыш шаралар Елбасының "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес әзірленген.

Астана. 25-сәуір. Kazakhstan Today - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда Қазақстанның туристік саласын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Туризм саласын дамыту жөніндегі аталмыш шаралар Елбасының "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес әзірленген.

Отырыс барысында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Исет Исекешев Қазақстанның туристік саласын дамыту бойынша бірінші кезекте тұрған шараларды баяндады.

Қазіргі таңда саланы дамытудың басым бағыттары Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасымен анықталған. Мемлекеттік бағдарлама аясында туризм индустриясының басым бағыттарын дамыту туралы салалық бағдарлама әзірленді. Бағдарлама жаңа туристік инфрақұрылымдар құру мен қазіргі туристік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру, оның тартымдылығын арттыру үшін жаңа туристік бағыт ретінде Қазақстанның имиджін қалыптастыру жолдары арқылы ішкі және сыртқы туризмді дамытуға бағытталған.

2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда туризм саласының дамығаны байқалған. Мысалы, 2011 жылы елімізге сырттан келген туристер саны 5,6 млн. адамнан асса, ел ішіндегі туристер саны 5,3 млн. адамды құраған. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 74 млд. теңгеге жеткен.

Және Елбасының тапсырмасына сәйкес, халықаралық деңгейдегі негізгі жобалар анықталып отыр, сол жобалар бойынша жеке-жеке жүйелі жоспарлар дайындалады. Бұл - "Бурабай-Щучинск" курорттық аймағы" жобасы, "Алматыныңіргесіндегі тау-шаңғы курорттар аймағы" жобалары. Қазір Кендірлі теңіз демалыс аймағының мәселесі қаралып жатыр.

Бұлармен қатар, ішкі туризмді дамытуға қажетті аймақтық жобалар да маңызды мәселе болып табылады. Экономикалық дамуында туризм негізгі рөль атқаратын бірқатар облыстарда Алматы қаласын мысалға ала отырып, туризм жөнінде жеке басқармалар құру мүмкіндігі қаралатын болады. Саланы кадрлармен қамтамасыз ету де басым маңызға ие бағыт болып қалады.

Қазақстанда көліктік туризмді дамытуға бағытталған бірқатар ірі көліктік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" көлік дәлізінің бойынан 7 туристік-рекреациялық орталық пен 24 туристік кешен салу жоспарда бар.

Сонымен қатар елге кіру режимін жеңілдетуге қатысты мәселені де шешу керек. Сыртқы істер министрлігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше 34 елге қатысты визалық режімді алып тастау бойынша ілкі жобаны жүзеге асыруда.

Туристік саланы дамыту мәселесін шешудің негізгі тетіктері cаланы ұзақмерзімді дамыту Тұжырымдамасынан көрініс табатын болады. Тұжырымдама маусым айының соңына дейін Үкіметке ұсынылады. И.Исекешевтің мәліметінше, қараша айының соңына дейін 2020 жылға дейінгі жаңа салалық Бағдарламаны әзірлеу жұмыстары аяқталады.

Ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астана қаласын дамыту бойынша өткен кеңестегі Елбасының тапсырмасына сәйкес, Астанадағы медициналық туризмді дамыту қажеттілігіне тоқтала отырып, туристік саланы дамыту жөнінде ұсынылған бүгінгі шараларды қолдады.

К.Мәсімов сондай-ақ Индустрия және жаңа технологиялар министрі И.Исекешев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовқа жаз мезгілінде Таяу Шығыс елдерінен туристер тарту мәселесін қарауды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны