20.06.2006, 11:27 2841

ҰҚК қызметкерлері тұрғындардың құжатын заңсыз рәсімдеумен шұғылданып келген қылмыстық топты құрықтады

АСТАНА. 20-маусым. Kazakhstan Today. ҰҚК қызметкерлері ҚР әділет министрлігінің Алматы қаласы бойынша Тіркеу қызметі комитетінің, республиканың оңтүстік өңірінің осы тектес бөлімшелерінің лауазым иелері мен Алматыдағы бірқатар заңды және жеке тұлғалардан құралған қылмыстық топты құрықтады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық топ мүшелері құжаттарды тездетіп рәсімдеп беру үшін пара алып отырған. “Аталмыш бөлімнің басшылығы қылмыстық мақсатта “Х” деген азаматтың басқаруымен құжаттарды ақылы рәсімдеумен айналысатын арнайы заңгерлік фирманы тіркеуден өткізген”, деп хабарлайды ҰҚК. Осындай жолмен жиналған ақшаның бір бөлігі бөлім бастығына өткеріліп отырған. “Фирма қызметкерлері қатаң есептелетін формуляр бланктерді, әділет органының мөр-таңбаларын еш кедергісіз қолданып келген. Соның арқасында олар әділет мекемелерінің лауазым иелерінің факсимиле құралдары мен таңбаларын пайдалану арқылы өз беттерімен кез-келген құжаттарды рәсімдеуге мүмкіндік алған”, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Дайындалған формулярлар тұрғындарды құжаттармен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру бөліміне өткеріліп отырған.

Шұғыл іздестіру шараларының барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Бас прокуратура өкілдерімен бірлесіп 200 пара алу оқиғасын анықтады. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі жағдаймен ақшаны және құжаттарды өткеріп беру тетіктері мен схемалары, қылмыстық топтың әрбір мүшесінің ролі айқындалды.
Сонымен бірге шетел азаматына Қазақстанның төлқұжатын басқа аты-жөн жазып, туған жылы мен ұлтын өзгертіп беру дерегі әшкереленді.

Тұрғындардың құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығының бөлмесінен жасанды формулярлар мен төлқұжаттар, 675 мың теңге мен 1430 АҚШ доллары, сондай-ақ, ішінде ақшасы бар 25 конверт табылды. Бастықтың тұрғылықты жерінен 7 млн. теңге, 207 мың АҚШ доллары, 15 мың евро, алтыннан жасалған аса бағалы 52 әшекейлік бұйымдар, Тойота-Прадо және Ниссан-Экстрел маралы екі джип табылды.

Заңгерлік фирманың кеңсесінен қатаң есеп формулярлары, әділет органдарының мөрлері мен таңбалары, сондай-ақ, түрлі құжаттар табылды. Фирманың салықтан жалтару деректерін әшкерелейтін бухгалтерлік құжаттар табылды. Фирма жетекшісінің жұмыс бөлмесі мен үйінен де бірнеше мың доллар мен құжаттар табылды.

Бөлім бастығы мен фирма жетекшісі дайындалған кезекті құжаттар үшін ақша алу барысында құрықталды.

Қылмыстық істі тексеру үшін ҚР Бас прокуратурасының арнаулы прокурорының басқаруымен шұғыл іздестіру тобы құрылды.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны