28.08.2009, 14:06 2839

Үлескерлерді алдаған алаяқтармен мемлекет соттасады, ал халық баспанасыз қалмауы тиіс - Нұрсұлтан Назарбаев

Үлескерлерді алдаған алаяқтармен мемлекет соттасады, ал халық баспанасыз қалмауы тиіс - Нұрсұлтан Назарбаев

Астана. 28 тамыз. Kazakhstan Today - Үлескерлерді алдаған алаяқтармен мемлекет соттасады, ал халық баспанасыз қалмауы тиіс. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада құрылысы аяқталған үлестік құрылыс нысандарындағы пәтер кілттерін тапсыру рәсімінде атап көрстеті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Президент үлестік құрылысқа қатысты проблема туындағанда мемлекеттің алдында "не істеу керек" деген сұрақ туындағанын айтты.

"Үлескерлер құрылыс компанияларымен өздері келісім-шартқа отырды, олармен өздері соттасып, қаражаттарын қайтарып алсын деген ұсыныстар болды. Мемлекеттің үлескерлерге беретін қаржысы жоқ, несие берейік немесе пәтерлерді жалға берейік деген де ұсыныс болды. Осының бәрін ой елегінен өткізіп мен үлескерлерді алдаған алаяқтармен соттасуды мемлекет өз қолына алып, қаражатты қайтадан мемлекетке қайтарып алу керек, бірақ халық баспанасыз қалмауы тиіс деген шешім қабылдадым", деді.

"Егер де біз алдын ала қиыншылықты ойлап, мемлекеттік қор жинамағанымызда Үкімет дағдарысқа қарсы ешқандай бағдарлама жасай алмаған болар еді. 60 мың үлескер пәтерсіз қалып, әлеуметтік жағдай да төмен болар еді", деді салтанатты рәсімде Н. Назарбаев.

Елбасы Ұлттық қордан жиналған қаржының арқасында мемлекетке де, халыққа да көмек жасалып отырғанын атап өтті. "Дүние жүзінде ешбір мемлекет үлескерлерге көмек жасамайды. Себебі сіздер құрылыс компанияларын өз еріктеріңізбен таңдап, олармен келісімшартқа отырдыңыздар. Оған мемлекеттің қатысы жоқ", деді президент.

Осы орайда Елбасы үлескерлер проблемасы болашақта қазақстандықтарға сабақ болуы тиістігін атап көрсетті. "Үлескерлердің ішінде жиған-терген қаражатын түгел пәтерге салған адамдар, бұдан бизнес жасаймын деп, 10-20 пәтерге ақша салғандар да бар. Біз бір пәтерге ақша салғандарға көмектесеміз, соңғыларына көмектеспейміз. Сондықтан бұл мемлекеттің халыққа жасап отырған ерекше қамқорлығы", деді Н. Назарбаев.

Елбасының айтуынша, қолға алынған шаралардың арқасында биыл Қазақстанда 30 мың үлескер пәтерін алады. Ал қазіргі таңда үлескерлерді алдаған 48 алаяқ түрмеге жабылған.

Елбасы бүгін "Жаңа құрылыс" ЖШС күшімен тұрғызылып, құрылысы аяқталған "Еуропалық" үлестік құрылыс нысанына келіп, осы жерде аталмыш үйдің және "Оқжетпес", "Ил-Фараби", "Байқоңыр" тұрғын үй кешендерінің тұрғын үй құрылыс кооперативтерінің басшыларына символикалық кілттерді, сондай-ақ өз пәтерлерінің толық құнын төлеп, жақында тұрғын үй комитетінің оң шешімін алған үш үлескерге пәтерлерінің кілттерін тапсырды. Осы 4 кешенді пайдалануға беру 799 үлескердің мәселесінің шешілуіне мүмкіндік береді.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2009 жылғы 1-тамыздағы жағдай бойынша Астанада 18 648 үлескердің қатысуымен 99 кешеннің құрылысы жалғасуда. Олардың аяқталуы қаржыландырудың 4 тетігін пайдаланудың және құрылыс секторына көмек көрсетуді ұйымдастырудың арқасында мүмкін болып отыр.

"Жаңа кұрылыс" ЖШС-не барлығы проблемалы 34 нысан берілген болатын. Оның 18-інің құрылысын аяқтау мақсатсыз деп табылды. Қазіргі таңда бұл кешендерде 5754 үлескер өз құқықтарын жүзеге асырды.

2009 жылдың соңына дейін барлық қаржыландыру көздерінен 1 млн 250 мың шаршы метр астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны