07.05.2010, 14:55 4853

Ұлы Отан соғысындағы ортақ жеңіс туралы ақиқатты сақтау ісінде Қазақстан барлық халықтармен бірге - Нұрсұлтан Назарбаев

Ұлы Отан соғысындағы ортақ жеңіс туралы ақиқатты сақтау ісінде Қазақстан барлық халықтармен бірге. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада бірқатар соғыс ардагерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау рәсімінде осылай деді. "Біздің жеңістеріміздің тарихы қазіргі жастар мен келешек ұрпақтың алдында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеудің, халықтар арасындағы бекем достықтың басты үлгі-өнегесі ретінде қала беруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау - біздің ортақ парызымыз",- деді Қазақстан президенті.

Астана. 7 мамыр. Kazakhstan Today - Ұлы Отан соғысындағы ортақ жеңіс туралы ақиқатты сақтау ісінде Қазақстан барлық халықтармен бірге. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада бірқатар соғыс ардагерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау рәсімінде осылай деді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Қазір сол бір өткен сұм соғыс жайлы балама тарих деген дүние пайда болды. Онда деректер мен оқиғалар бұрмаланып, фашизм мен оның идеологтарының, соның ішінде олардың қазіргі заманғы ізбасарларының өлім себетін қатері жасанды түрде жұмсартылып көрсетілуде",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Ұлы Отан соғысындағы ортақ жеңіс туралы ақиқатты сақтау ісінде біз әрдайым барлық халықтармен біргеміз және бірге бола береміз",- деді ол.

"Біздің жеңістеріміздің тарихы қазіргі жастар мен келешек ұрпақтың алдында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеудің, халықтар арасындағы бекем достықтың басты үлгі-өнегесі ретінде қала беруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау - біздің ортақ парызымыз",- деді Қазақстан президенті.

"Сол жеңіс болмағанда, онда Еуропа концентрациялық лагерьге айналған болар еді. Қазақстанда сондай лагерьлер қалпына келіп, біз екінші сорттағы адамдарға айналар едік, немесе қырылып қалатын едік. Бұны біздің балаларымыз, біздің немерелеріміз білулері тиіс", деді Н. Назарбаев.

"Біз сол кезде Сіздердің қандай ерлік көрсеткендеріңізді жақсы түсінеміз. Егер де Сіздердің буындарыңыз босаңдық танытқан болса, онда бұрынғы Кеңес Одағындағы елдердегі өмір басқаша болар еді. Біздің балаларымыз басқа жағдайда өскен болар еді. Біздің балаларымыз өздерінің балаларын тәрбиелей алар ма еді, жоқ па, ол жағы беймәлім. Сондықтан да Сіздердің көрсеткен ерліктеріңізді келешек ұрпақ әрқашан есте ұстауы тиіс", деді президент.

Елбасы осы орайда Қазақстандағы Ұлы Отан соғысының барша ардагерлеріне денсаулық тіледі. "Бүгін осында сөз сөйлей отырып Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлеріне былай дегім келеді: Біз жеңімпаз әкелердің балаларымыз. Менің балаларым, менің буынымның балалары қарсы беттен жаздағы жаңбырдай нөсерлетіп тұрған оқтарға окоптан көтеріліп, қарсы тұрудың не екенін жіті түсіне қоймас. Ондай ерлікке бару үшін адамда ержүректік, мықты рухани күш болуы қажет", деді Қазақстан басшысы.

Осы орайда Н. Назарбаев қазақстандық ардагерлерді өздерінің көрсеткен ерліктері жайлы әңгімелеп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді жалғастыруға шақырды.

"Екінші дүниежүзілік соғыста біздің ержүрек отандастарымыз жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар, рухы биік батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Арын байрақ, намысын найза еткен елдердің қаһармандығы аңызға айналды. Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты", деді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстаннан 500-ден астам азамат Кеңес одағының батыры атанғанын атап көрсетті.

Елбасы "жауды біз жұмылып, бірлігімізбен жеңдік", деді. "Қанқұйлы соғыс жылдарында қазіргі Қазақстан халқының мызғымас бірлігі қалыптасты. Аласапыран заманда тағдыр тоғыстырған ұлт өкілдерін қазақ жері бір отбасының баласындай бауырына басты. Біз ел басына түскен зұлмат жылдардың зілдей салмағын жан жүрегімізбен сезініп, бөлістік. Сондықтан біз адамзат баласына орны толмас қайғы-қасірет әкелген сұм соғыстың жер бетінде енді қайталанбауын тілейміз", деді Қазақстан президенті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны