03.07.2006, 13:39 2902

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің аумағында заңсыз көші-қонға қарсы күрес шарасының барысында 139 қылмыстық іс қозғалды

МИСКЕУ. 3-шілде. Kazakhstan Today. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің аумағында заңсыз көші-қонға қарсы күрес шарасының барысында 139 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы хатшылығының баспасөз қызметінен хабарлады.

Заңсыз көші-қонға қарсы күреске бағытталған бірлескен шара 2006-жылдың мамыры мен маусым айлары аралығында өткізілді. Шараның барысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 28 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1184 адам елдеріне қайтарылды. Қылмыстық істердің тең жартысы заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін қозғалған. Адам және қару-жарақ, жарылғыш заттар және есірткі саудасымен шұғылданатын бірқатар трансұлттық қылмыстық топтардың іс-қызметіне тосқауыл қойылып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің аумағындағы заңсыз көші-қон арналары әшкереленді.

Заңсыз көші-қонға қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен 2006-жылдың 23-маусымында Минск қаласында бекітілген қауіп-қатерлерге қарсы күрестің басым бағыттарына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің күш-жігерін шоғырландыруға ұйғарым жасалды. Атап айтсақ, заңсыз көші-қонмен күрес саласы бойынша қолданыстағы ұлттық заңнаманы үйлестіруге бағытталған шаралар кешенін конструктивті дәйектеп жүзеге асыруды қамтамасыз ету, заңсыз көші-қон арналары арқылы жүзеге асырылатын трансшекаралық қылмысқа қарсы күресті күшейту үшін биометриялық ақпараттарды пайдалана отырып, қазіргі заманғы ұлттық төлқұжат-визалық құжаттар жүйесін бірлесіп құру үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының форматында мүдделі мемлекеттік құрылымдар арасында етене жақын ақпараттық алмасулар мен басқа да ықпалдастықтар орнатуға қол жеткізу межеленген.

Сонымен бірге заңсыз көші-қонға жол бермеу үшін үшінші елдерден шыққан шетел азаматтарының елге кіріп-шығу арналарында шұғыл профилактикалық шаралар өткізу және бірлескен шараларды ұйымдастыру тетіктерін жолға қою, сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің тиісті көші-қон мекемелерінің мамандар әлеуетін жақсартуға қолайлы жағдайлар жасау көзделіп отыр.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны