21.08.2006, 16:48 2998

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының сарапшылары ұйым шеңберінде әскери мамандарды дайындаудың біртұтас жүйесін құру үдерістерін жеделдету қажет деп санайды

МИСКЕУ. 21-тамыз. Kazakhstan Today. Өткен аптада Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының біріккен штабында ұйымға мүше елдердің қорғаныс министрліктері сарапшыларының кеңесі өтті. Оған штаб бастығының бірінші орынбасары, генерал-полковник Иван Бабичев төрағалық жасады,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Ресейдегі Беларусь елшілігіне сілтеме жасап.

Шара барысында тараптар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары 2005-жылдың 23-маусымында қол қойған әскери мамандар дайындау туралы келісімді жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылап, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының шеңберінде әскери мамандарды дайындаудың біртұтас жүйесін құру үдерістерін жеделдету жұмыстарының басты бағыттарын белгіледі.

Мәселен, әскери мекеме өкілдері Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің қарулы күштері, басқа да әскер түрлері мен құрылымдарына арнап әскери мамандарды бірлесіп дайындаудың біртұтас жүйесін құру ережелерінің жобасына қатысты ұсыныстарды талқылады. Ал ережелер қазір ұйымға мүше елдерде келісілуде.

Хабарламада атап көрсетілгеніндей, ұйым форматында әскери мамандарды дайындау жүйесі біршама дамыған. Мәселен, тек Ресей қорғаныс министрлігінің қарамағындағы жоғары оқу орындарында жыл сайын ұйымға мүше елдерден мыңдаған әскерилер білім алады. Соның ішінде сегіз жүздей адам жеңілдетілген тәртіппен немесе ақысыз білім алады. Сонымен бірге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының шеңберінде әскери мамандар дайындау Беларусь және Қазақстан Республикаларында да жүзеге асырылады.

Осы орайда еске сала кетсек, әскери мамандар дайындау жөніндегі келісімді жүзеге асыру аясында 2005-жылдың қараша айында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің қорғаныс министрлерінің кеңесі бірлесіп мамандар дайындайтын білім ордаларының тізімін бекіткен. Құжатта 60-тай жоғары білім ошағының тізімі бар. Ұйымға мүше елдер бұл білім ордаларында өз одақтастарының әскери мамандарын жеңілдетілген тәртіппен және ақысыз дайындап беруге дайын.

Кеңеске Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің қорғаныс министрліктерінің өкілдері қатысты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны