15.04.2015, 15:10 4225

"В" гепатитіне қарсы вакцинация ауру деӊгейін төмендетуде тиімділігін көрсетті

Қазақстанда "В" вирустық гепатитіне қарсы тұрғындарға екпе жасау нәтижесінде соӊғы 20 жылда ауру деӊгейі 23,7 есеге, балалар арасында 52 есеге төмендеді

Астана. 15 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстанда "В" вирустық гепатитіне қарсы тұрғындарға екпе жасау нәтижесінде соӊғы 20 жылда ауру деӊгейі 23,7 есеге, балалар арасында 52 есеге төмендеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"В" вирустық гепатиті, әсіресе балалар үшін қауіпті, өйткені дерттіӊ клиникалық көріністері жиі байқала бермейді. Ауырған жағдайда балалардыӊ 90% созылмалы вирус тасушыға айналады. Созылмалы "В" вирустық гепатитін жұқтырған кезде бауыр жасушаларын алмастыратын біріктіруші ұлпа өршіп, аталған орган қызметі бұзылады және бауыр циррозына әкеп соғуы ықтимал.

"В" вирустық гепатиті түрлі жолдармен: стерилденбеген құралдармен жасалған инъекция арқылы, жыныстық жолмен, сырқат адаммен тұрмыстық бұйымдарды бірге пайдаланғанда жұғады. "В" гепатитіне шалдыққан жүкті әйелдер баласына вирус жұқтыруы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыныӊ мәліметінше, бүкіл әлемде 2 млрд. адам "В" вирустық гепатитін жұқтырған. Жыл сайын "В" гепатитініӊ 4 млн. жуық оқиғасы және асқынған бауыр циррозынан немесе обырынан болатын 1 млн.-ға жуық өлім-жітім тіркеледі.

"В" вирустық гепатитініӊ өткір түрін емдеуге арналған дәрілік препарат жоқ. Тек қолдау терапиясы жасалады. Сондықтан әлемніӊ көптеген елдерінде вакцинацияныӊ көмегімен осы инфекциялық аурудыӊ балаларға жұғуыныӊ алдын алуды жөн көреді.

"В" вирустық гепатитіне қарсы вакциналық кешен бала 12 айға толғанға дейін үш екпе жасауды қарастырады. Алғашқы екпе сәби дүниеге келгеннен кейін 12 сағат ішінде жасалады. Қазақстанда "В" гепатитіне қарсы одан кейінгі екпелер балаға 2 және 4 ай болғанда жасалады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда "В" вирустық гепатитіне қарсы вакцинация 1998 жылдан бері жүргізіліп келеді.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны