05.03.2012, 13:11 3572

Вице-премьер ауылдағы кәсіпкерліктің дамуымен танысты

Е.Орынбаев облыс орталығынан 15 шақырым жерде орналасқан Самсоновка селосында болды. Онда вице-премьер "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасының екінші бағытына (ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдау) қатысушылармен кездесті.

Астана. 5-наурыз. Kazakhstan Today - Вице-премьер ауылдағы кәсіпкерліктің дамуымен танысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Вице-премьер Ербол Орынбаевтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары бүгін де жалғасады. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша вице-премьер бұл облысқа сапармен кеше келген болатын.

Е.Орынбаев облыс орталығынан 15 шақырым жерде орналасқан Самсоновка селосында болды. Онда вице-премьер "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасының екінші бағытына (ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдау) қатысушылармен кездесті.

Кәсіпкер Қайрат Асылмерген Е.Орынбаевпен болған кездесуде, "Жұмыспен қамту -2020" бағдарламасы мемлекеттің халыққа көрсетіп отырған нақты көмегі екенін атап көрсетті. "Бізге өндіріс құруға көмектескен мемлекетке алғысымыз зор. Сервистік орталықта бизнес-жоспар жасап берді, оған қоса мен "Семей Құс" АҚ-ында кәсіпкерлік негіздерін оқып келдім. Жеті жұмыс орны құрылып отыр. Өнімді өткізуде де проблема жоқ", - деп хабарлады Қ.Асылмерген.

Ауыл кәсіпкерлеріне өз ісін бастауға былтыр басталған "Жұмыспен қамту" бағдарламасы көмектесіп отыр. Қ.Асылмерген ауылдастарымен бірлесіп "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасының аясында 9 млн. теңгедей несие алған. 5 мың бас тауыққа арналған "Жаңерке-құс" ЖШС шағын құс фермасы күнделікті 4300 жұмыртқа өндіреді. Ферманың жылдық қуаты 2 млн. астам жұмыртқаны және 10 тоннадан астам етті құрайды. Кәсіпкер құстардың санын 5 мыңнан 9 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысында "Жұмыспен қамту" бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 5134,4 млн. теңге бөлінді. Бағдарламаның бірінші бағытының аясында (өздерін жұмыспен қамтып отырғандарды, жұмыссыздарды және тұрмысы төмендерді оқыту және жұмысқа тұрғызу) 3400 астам адам оқу курстарынан өтті. 2012 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 2465 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тұрғызылды.

Ал екінші бағытты іске асыруға (ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдау) республикалық бюджеттен 1405,3 млн. теңге бөлінген. Шағын несиелерге бөлінген бюджет қаржысы 1209 млн. теңгені құрады. Оған қоса, облыста берілген шағын несиелерді мониторингілеу бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама әр елді мекен бойынша несие беруші ұйымдар мен заемшылардың іс-қимылдарын қадағалауға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның үшінші бағытын іске асыруға (еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру) 1 872,5 млн. теңге қаржы қарастырылды. Бұл сомаға жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысына берілген несиелер, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстарына бөлінген трансферттер кіреді. Оған қоса, Өскемен және Семей қалаларында тұрғын үйлердің құрылысы басталды.

"Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасын іске асыруға 2012 жылы республикалық бюджеттен 8007,7 млн. теңге бөлініп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны