03.08.2026, 10:46 16306

Қытай әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейстер ашады

Қытай әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейстер ашады
Сурет: Depositphotos
Қытайдың Urumqi Airlines әуе компаниясы Қазақстанға жаңа тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лян мырзамен кездесуі қорытындысы бойынша мәлім етті.

Қытай тарапы келесі бағыттар бойынша әуе қатынасын іске қосуды жоспарлауда:

Үрімші - Қарағанды;

Құлжа (Инин) - Астана;

Құлжа (Инин) - Алматы.

Өз кезегінде қазақстандық тарап Өскемен және Семей қалаларына, сондай-ақ алдағы уақытта Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама туризмді дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

"Urumqi Airlines" әуе компаниясы Қытайда өндірілген COMAC C909 әуе кемелерін пайдаланады. Осыған байланысты тараптар Қазақстанда COMAC әуе кемелерін қолдана отырып, өңірлік тасымалдарды жүзеге асыратын бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады. Аталған әуе компаниясы Зайсан, Катонқарағай және туристік әлеуеті жоғары басқа да қалаларға рейстер орындауға мүмкіндік береді.


Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны