26.05.2025, 09:39 44526

Қызылорда облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы 10 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері өңделді

Қызылорда облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы 10 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері өңделді
Бүгінгі күні Қызылорда облысында өңделуге жоспарланған 17,132 мың гектардың 10,524 мың гектары ауыл шаруашылығы алқаптары өңделді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.

Шегірткеге қарсы күрес шаралары Арал ауданына қарасты Қарақұм, Сазды, Аққұм, Қосаман және Жіңішкеқұм ауылдық округтерінің аумағында жүргізілді. Жұмысқа 2 жеңіл авиация кемесі, 2 аса жеңіл ұшақ, 12 жерүсті техникасы, 5 дрон, 45 арқаға асылатын бүріккіш жұмылдырылды. Мониторинг жұмыстарына 48 маман тартылған.

Облыс бойынша шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын жүргізу үшін болжанған жалпы аумақ - 60,024 мың гектар. Жоспарланған аумақтың барлығы бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған.

Өңірде облыс әкімінің орынбасары басқаратын жедел штаб жұмыс істейді, осындай штабтар аудан деңгейінде де қызмет етуде. Жергілікті жерлерде мониторинг жүргізу және іс-қимылды үйлестіру үшін 279 адам тартылған.

Жалпы, үйірлі шегірткелердің дернәсілдерін анықтау мақсатында 445,8 мың гектар жерге зерттеу жүргізілді. Күрес шаралары АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің бақылауымен өтуде. Егін алқаптарының зақымдану жағдайы тіркелген жоқ.

Өңдеу жұмыстарының барысын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин қадағалап отыр, ал Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының шекарасында бақылауды Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жүзеге асыруда.

Өңірлерде мониторинг және күрес жұмыстары жалғасуда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны