26.07.2019, 15:34 19252

Қызылорда облысының әкімі Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына барады

24-27 шілде аралығында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездеседі.

Қызылорда. 26 шілде. Kazakhstan Today - 24-27 шілде аралығында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездеседі.

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы аудан орталығы Арал қаласындағы Арал балық өңдеу зауытына барды, жергілікті табиғат пайдаланушылармен кездесті. Кәсіпорын балық өнімдерін (мұздатылған және кептірілген балық, балық филесі мен стейк, балық фаршы және т.б.) өндірумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысады. Өнімдері Ресей, Польша, Голландия, Германия және Австрияға экспортталады.

Аталмыш кәсіпорында 40 жұмыс орны құрылған, маусымдық кезеңде 100 адамға дейін жұмыспен қамтиды. Зауыт Оңтүстік Кореялық технология бойынша салынған, жылына 6 мың тонна өнім өндіреді.

Сондай-ақ, облыс әкімі 6 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана Диана Шүйіншалиеваның үйіне барды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Диана ай сайын 154 739 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алуда. Ол көп балалы отбасыларға қолдау көрсеткені үшін мемлекет және облыс басшылығына алғысын білдірді.

Бұдан әрі облыс әкімі невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша қызмет көрсететін "Қуаныш" жеке медициналық орталығының ашылу салтанатына қатысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды қайырымдылық негізде тегін емдеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Шижаға елдімекенінде 100 орындық клуб ашылды, оның құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталған еді. Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасты.

"Осыдан бірер жыл бұрын осы ауылдың тұрғыны, халық жанашыры, қоғамдық кеңес төрағасы Нұралы Алманов ағамыз сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына тұрғындар өтінішін жеткізген еді. Міне, бүгін соның нәтижесі - ел игілігіне жаңа ғимарат берілмек. Заманауи мәдениет үйі баршамызға құтты болсын! Бұл жерде талай өнерлі жас тәрбиеленіп, Сыр өңірінің сырлы сазын әлемге таныта береді деген ойдамын", - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын елдімекеннің қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұралы Алманов құттықтады.

Одан әрі Қуанышбек Досмайылұлы Сексеуіл кентінде "Алтын" сауда үйінің ашылу рәсіміне қатысты. Нысан кәсіпкердің несиеге алған қаржысы мен жеке қаражатына салынған, мұнда 9 адам жұмысқа тартылған.

Содан соң аймақ басшысы Сексеуіл кентіндегі "Қамқор" Локомотив жөндеу депосында және "Алма-Рай" балабақшасында болды. "Қамқор" депосында 2 жөндеу цехы, 1 шаруашылық пен 15 қосалқы цех жұмыс істейді, олар жолаушылар, жүк және маневрлік тепловоздарға техникалық қызмет көрсетеді.

2016 жылы салынған "Алма-Рай" жекеменшік балабақшасының ғимаратында 22 жатын бөлме, ойын бөлмелері, медпункт, асхана және конференц-зал бар, мұнда 38 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс басшысы Жақсықылыш кентінде жылына 450 мың тонна азық-түлік және техникалық тұз өндіретін "Аралтұз" АҚ жұмысымен танысты. Кәсіпорында озық испандық технология бойынша жұмыс істейтін 2 цех, барлығы 1200 адам қызмет атқарады. Зауыт өнімдері жергілікті нарықта сатылады және жақын-алыс шет елдерге экспортталуда.

Қаратерең ауылдық округінде облыс әкімі "Zhalgasbai" ЖШС балық қабылдау және мұздату цехының ашылу рәсіміне қатысты. Нысанның жылдық қуаттылығы 1000 тонна балық өнімін құрайды, кәсіпорында 10 адам жұмыс істеуде, маусымдық кезеңде 25 адамға дейін жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданына жұмыс сапары барысында Ақлақ және Көкарал су тоспаларының жұмысымен танысып, балық өңдеу кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақлақ су тоспасы 2006 жылы пайдалануға берілген болатын, Қазіргі таңда су тоспасы Сырдария өзенінен келіп жатқан суды Ақлақ су тоспасына дейінгі орналасқан көлдерге, шабындықтарға, каналдар арқылы жіберу үшін пайдалануда.

Көкарал су тоспасы 2005 жылдың қараша айында пайдалануға берілді. Су тоспасын салу нәтижесінде теңіздің құрғаған ұлтаны ауданы 870 шаршы метрді құрайтын сумен жабылды, теңіздегі судың көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды, ал судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайды.

Бүгінгі таңда теңізде 24 балық түрі кездеседі, оның ішінде 13 балық түрі жақын және алыс шетелдерге экспортталуда.

Өткен жылдың соңында аталмыш өнім түрлері Қытайға экспорттала бастады.

Сонымен қатар, өңірде жылдық қуаты 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2 зауыт еврокодқа ие болды. Бүгін пайдалануға берілген "Жалғасбай" ЖШС зауыты - аймақтағы 9-балық өңдейтін кәсіпорын. Айта кету керек, соңғы бес жылда өңірдегі балық экспортының көлемі 9 есеге артты. Облыс балық өндіру және өңдеу көлемі бойынша 3-орын алады.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында экология және табиғатты пайдалану саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар да қарастырылған.

Сондай-ақ, кешенді жоспар аясында Қызылорда су торабын кешенді жөндеу көзделген. Соның нәтижесінде оның апаттылық проблемасы шешіледі. Кешенді жоспар шеңберінде "Күміскеткен" мен "Қараөзек" су қоймаларының да құрылысы жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақовтың Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барды.

Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Қазалы ауданының әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралап, елдімекендердің тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысты.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, аудан орталығында салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылыс жұмыстарын көрді.

Аймақ басшысы алдымен Басықара елдімекенінде 1963 жылы салынған Ә.Тыныбаев атындағы су торабының жұмысымен танысты. Су торабы 60 га егістік алқабын және 450 га шабындықты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Нысанда 22 адам жұмыс істейді.

Облыс әкімі Жалаңтөс баһадүр ауылындағы ауылдық клуб ғимаратында тұрғындармен кездесіп, жергілікті кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесін аралап көрді.

Бұдан әрі аймақ басшысы тәулігіне 30 тонна сүт өндіретін "Рза" АҚ сүт-тауар кешеніне барды. Кәсіпорында "Дәмді" сауда маркасымен пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сары май және ірімшік шығарылады. Болашақта йогурт, ряженка, брынза және балмұздақ өндірісін ашу жоспарлануда. Кәсіпорын өнімдері облыс аумағында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлеріне де шығарылады.

Аймақ басшысы 2018 жылдың желтоқсан айында аудан орталығында салынған Әйтеке би ескерткішіне барды. Монументтің жалпы биіктігі-12м, ескерткіш авторы-Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Сатыбалдин. Сонымен қатар, Қазалы қаласы мен аудан орталығын байланыстыратын жаңа қаланың құрылысымен танысып, аудан әкімдігінің жаңа ғимараты мен мәдениет үйінде болды.

Қазалы аудандық орталық ауруханасында облыс әкімі аудандағы денсаулық сақтау саласының дамуымен және жақында сатып алынған ангиографтың жұмысымен танысты.

Бұдан әрі облыс әкімі жазғы маусымда 700-1000 бүлдіршінді қабылдайтын "Шағала" балалар сауықтыру орталығында болды. Орталық 7 ауысымда жұмыс істейді, оның аумағында балалар демалатын 2 корпус, асхана, медпункт, бассейн және футбол алаңы бар.

Аймақ басшысы өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған "Қазалы-Теміржол жылу" МКК-де болды. Кәсіпорында ДЕ-14/16ГМ маркалы 4 бу қазандығы бар, олардың үшеуі жылыту маусымында және біреуі резервте жұмыс істейді. Кәсіпорын 102 мекеме, 46 көпқабатты үй мен 184 жеке үйді жылумен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі "LCI-MK" ЖШС жұмысымен танысты. 2013 жылы кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында "Жоғары кернеулі электр бағаналарын шығару" жобасын жүзеге асырған болатын.

Қуанышбек Досмайылұлы аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды, олардың әрқайсысында екі бөлмелі - 12 пәтер және үш бөлмелі - 6 пәтер болады.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов "Қазалы Керуен" көлік, сауда-логистикалық орталығына барды. Нысанда аумағы 1080 ш.м. автовокзал, автотұрақ, техникалық қызмет көрсету орталығы, сауда алаңдары және басқа да қызмет көрсету орындары қарастырылған.

Бүгін аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапары барысында Қармақшы ауданының әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысады. Сондай-ақ, облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, Дауылкөл ауылдық округіндегі балабақша ғимаратының ашылу рәсіміне қатысады деп күтілуде.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны