16.03.2012, 16:05 9504

Жақсылық Досқалиев шартты түрде қамаудан босатылды

"Жақсылық Ақмырзаұлы заңға сәйкес өзінің құқығын пайдаланды. Ел Президентіне рақымшылық жасау туралы қолдаухатпен шықты. Аталған қолдаухат қанағаттандырылды. Ағымдағы жылғы қаңтардың соңында жазасын өтеу мерзімін 7 жылдан 2 жылға қысқарту жолы арқылы оған рақымшылық жасау туралы Президенттің Жарлығы шықты", - деді экс-министрдің үш қорғаушысының бірі Ардақ Балпықов.

Астана. 16-наурыз. Kazakhstan Today - Алаяқтығы үшін жеті жылға сотталған Қазақстан Республикасының бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев бүгін қамаудан босатылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Астанада өткен брифингте Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Мейрам Жанғұттинов мәлім етті.

"Жақсылық Ақмырзаұлы заңға сәйкес өзінің құқығын пайдаланды. Ел Президентіне рақымшылық жасау туралы қолдаухатпен шықты. Аталған қолдаухат қанағаттандырылды. Ағымдағы жылғы қаңтардың соңында жазасын өтеу мерзімін 7 жылдан 2 жылға қысқарту жолы арқылы оған рақымшылық жасау туралы Президенттің Жарлығы шықты", - деді экс-министрдің үш қорғаушысының бірі Ардақ Балпықов.

Жақсылық Досқалиевтің адвокатының атап өтуінше, 2012 жылғы ақпан айының соңындағы жағдай бойынша ол 1 жыл 4 ай жазасын өтеді. Заңды құқығын пайдаланған бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Астана қаласының сотына шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жасады.

"Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Жақсылық Досқалиевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы 29 ақпандағы қаулысы 16 наурызда күшіне енді. Оған ешкім қарсы шағым берген жоқ, ол заңды күшіне енді. Бүгін, 16 наурыз күні заңды негізде Досқалиев босатылды және қазіргі уақытта ол үйінде туған-туыстарының, достарының ортасында", - деді адвокат.

А.Балпықовтың айтуынша, Досқалиевтен "Телемедицина" ісіне қатысты екінші эпизоттағы айыптар алынды. Бұған дейін аталған іс қосымша тергеуге жіберілген болатын. "Қылмыстық қуғындау органдары Досқалиевті қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз таппады. Ол жерде "Ұрлау" және "Лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану" сынды жемқорлыққа қарсы 2 бап бар болатын. Бұл баптардан қаржы полициясы бас тартты. Сондықтан да Жақсылық Ақмырзаұлы бастапқыда айып тағылған 5 баптың біреуі бойынша ғана жазасын өтеді", - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Ж.Досқалиев бірінші кезекте денсаулығын қалпына келтіруге күш салмақ. "Онымен әңгімелесу барысында оның жан-дүниесінің қатты толқу үстінде екендігін байқадым. Рақымшылық жасау фактісінің өзінен зор әсер алуда. Сондықтан да Досқалиевтің өзі оны тек қана рақымшылық ретінде ғана емес, сонымен қатар Мемлекет басшысы тарапынан берілген зор сенім ретінде қарайды. Ол мұндай сенімді зор бағалайды", - деді Ж.Досқалиевтің адвокаты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны