03.07.2009, 17:36 3142

Жалпыұлттық телекөпір кезінде ел өңірлерінде жалпы көлемі 114 миллиард теңгені құрайтын 16 индустриялық жоба іске қосылды

Жалпыұлттық телекөпір кезінде ел өңірлерінде жалпы көлемі 114 миллиард теңгені құрайтын 16 индустриялық жоба іске қосылды

Астана. 3 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Жалпыұлттық телекөпір кезінде ел өңірлерінде жалпы көлемі 114 миллиард теңгені құрайтын 16 индустриялық жоба іске қосылды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, телекөпір кезінде барлық 14 облыста және Алматы қаласында жалпы көлемі 114 миллиард теңгені құрайтын 16 индустриялық жоба іске қосылды. Оның нәтижесінде 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Атап айтсақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев локомотив құрастыру зауытын салтанатты түрде ашты және Қазақстан аймақтарымен телекөпір өткізді.

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан президенті алғашқы естелік құтысын салған жаңа зауыт Астанадағы Индустриялық парктің аумағында орналасқан. Жаңа өндірістегі алғашқы тәжірибелік тепловозды құрастыру ағымдағы жылдың желтоқсан айында жоспарланып отыр. Зауытта келесі жылдың ішінде 27 локомотивті құрастырып шығару көзделуде. Жобалық қуаттылығы бойынша зауыт жыл сайын 150 тепловоз шығарады. Аталмыш кәсіпорынды іске қосу шамамен 700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Зауыт құрастыратын локомотивтер ел ішіндегі сұранысты қанағаттандырып, келешекте жақын және алыс шет елдерге экспортқа шығарылады.

Қазақстанда тұңғыш локомотив құрастыратын зауытты іске қосу біздің еліміз бен елорданың нақты мүмкіндіктерін, инвестиция үшін тартымдылығын айғақтайды. Аталған зауыт әлемдегі ең жоғарғы технологиялық жобалардың бірі болып табылады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген президент Астана күні қарсаңында еліміздің түрлі аймақтарында бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар ашылып отырғанын атап өтті.

Мұнда сондай-ақ президенттің қатысуымен "Жаңа индустриализация - барлығы үшін жаңа мүмкіндіктер" жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылды. Интерактивті сұхбат барысында Қазақстанның барлық облыстары мен Алматы қаласының әкімдері мемлекет басшысын елді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы хабардар етті.

Аймақтармен тікелей телекөпірді қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің, ұлттық компаниялар мен өңірлер басшыларының жұмысына қанағаттанғандық сезім білдірді.

"Біз жаңа ғана біздің еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясының іс жүзінде іске асқанының куәсі болдық", - деп атап көрсетті президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан қиын қаржылық-экономикалық дағдарысқа қарамастан, ілгерілеуді жалғастырып отырғанын атап өтті. Осы жылдың аяғына дейін елімізде 80 жаңа өндіріс орны іске қосылады.

"Осылайша, біз экономиканы дамытудағы жаңа серпіліске дайындық жасап отырмыз", - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы барша қауымды Астана күнімен құттықтап, денсаулық пен табыс тіледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны