10.10.2008, 10:36 8688

Жамбыл облысында кешенді минералдық тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу жоспарлануда

Жамбыл облысында кешенді минералдық тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу жоспарлануда

Астана. 10 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Жамбыл облысының Қаратау қаласында кешенді минералдық тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Бұл туралы кеше өзінің Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жамбыл облысында жобалық қуаты жылына 1,5-2 млн тонна азоты және азотты-фосфорлы тыңайтқыштар өндіретін кешенді минералдық тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Ол үшін жаңа өндіріс салынады", -деп хабарлайды әкімдік.

Сөйтіп кеше Елбасы алдымен технологиялық кешен ретінде құрылған "Қазфосфат" ірі өндіріс кешеніне келді. Қазіргі таңда "Қазфосфат" ЖШС фосфор кенін өндіруден бастап, оны өңдеу мен дайын өнім шығару, химия кәсіпорындары үшін осы өнімдерді тұтынушыларға сату жұмыстарымен шұғылданады. Аталмыш өндіріс кешені бүгінде "Қаратау" мен "Шолақтау" тау-кен өңдеу кешендерін, "Минералдық тыңайтқыштар" филиалы мен "Жаңа Жамбыл фосфор зауыты" секілді нысандарды біріктіріп отыр.

Еліміз еңсесін тіктегенше "Қазфосфат" талай ауыр кезеңдерді бастан өткерген. Дегенмен, серіктестіктің соңғы бірнеше жыл көлеміндегі өндіріс қарқыны жаман емес. Өткен жылы "Қазфосфат" 19 миллиард 360,2 миллион теңгенің өнімін шығарса, тек үстіміздегі жылдың 9 айында 33 миллиард 402,1 миллион теңгенің өнімін өндіріп үлгерген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірістің өсуі "Қаратау" мен "Шолақтау" тау-кен өңдеу кешендерінде 160 пайыздан асса, Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 142,1, минералдық тыңайтқыштар зауытында 115,2 пайызды құрапты.

Тараз өңіріндегі алып өндіріс кешені тек соңғы 9 айдың ішінде республикалық бюджетке 3 миллиард 141,2 миллион теңге құйған. Еңбекақы және зейнетақы қорларына да кәсіпорындардың ешқандай қарызы жоқ. Қазір "Қазфосфатта" 6719 адам еңбек етіп, отбасын асырап отыр. Талай тығырықты артқа тастап, жаңа тынысы ашылған "Қазфосфатта" өткен кеңейтілген кеңесте Елбасы:

"Химия өндірісі саласында осы өндірісті дамытуға әлі күшіміз жетіп, қолымыз тиіп, жөндеп жұмыс жасаған жоқпыз. Жердің қойнауындағы химиялық шикізат қоры жағынан дүние жүзіндегі ең ауқымды ел болып саналамыз. Бұл басқа өндірісті алған кезде - мұнай, газ, темір, бетон, көмір байлықтарымызбен пара-пар халқымызға жақсылығын тигізетін жұмыс болып табылады. Исіресе, Қаратау өңіріндегі фосфор рудасының ауқымы қазіргі нақты белгіленгені 5-6 миллиардқа дейін болса, жалпы жобасы 15 миллиард, әлемдегі 4-ші орындамыз. Кеңес Одағы кезінде фосфордың үштен бірін шығаратынбыз. Соның бәрі тоқтап қалған. Қазіргі кезде инвесторлардың айтқан әңгімесінің өзі 5 миллиард долларға тартып отыр. Сондықтан барлығымыз жабылып, үкімет болып қаржы тартып, халық болып, бүкіл оңтүстік өңірінің жағдайын түзеу, елімізге көп пайда келтіру жағын ойластыру керек", - деді.

Қалай болғанда да бүгінде "Қазфосфат" шығаратын сары фосфорды әлемде отыздан астам ел тұтынады. Шикізатты ендігі жерде алыстағы Африка мен Бразилия елдері де ала бастаған. Мамандардың айтуынша, әрине, фосфор дайын өнім емес. Оны сатып алған өзге мемлекеттер фосфордан арнаулы қышқыл шығарып, тұрмыстық химия заттарын жасауға қолданады.

Қазақстан фосфориттің әлемдік қоры жағынан төртінші орында тұрғанда, экспорттың әлеуеті жоғары екендігіне қарамастан, Қазақстан өнеркәсібінде химия саласының үлесі бар болғаны 1 пайызды ғана құрап отыр. Жалпы экспорттың 4 пайызы осы саланың еншісінде. Қазір дүниенің төрт бұрышының көкейін тесіп жатқан бір ғана мәселе - әлемдік экономикадағы қаржылық қиындықтар мен азық-түлік тапшылығын болдырмау. Ал азық-түлік қауіпсіздігі басты мәселе болып тұрғанда біздің осы химия кәсіпорындары өндіріп жатқан минералдық тыңайтқыштарды еселеп шығарудың қажеттілігін заман ахуалы талап етуде. Сондықтан да Елбасы кеңесте минералдық тыңайтқыштарды өндіруді арттыру қажеттігін айтты.

Мәселен, Елбасы Қытай, Үндістан елдері жылына 60 миллион тоннадай минералдық тыңайтқыш пайдаланатындығын да айтып отыр. Өз елімізде де ауыл шаруашылығына қажетті минералдық тыңайтқыштарға сұраныс 2,6 миллион тоннаны құрайды.

Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген кеңесте химия өнеркәсібін дамытуға қатысты тиісті мекемелерге бірқатар міндеттер жүктеді. Және минералдық тыңайтқыш өндірудің жылдық көлемін 2014 жылы 3 миллион тоннаға жеткізіп, аймақта химия кластерін құруды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны