19.02.2007, 14:37 3137

Жамбыл облысында "Құқық және тәртіп" іс-шарасы аясындағы төрт күнде 40 кг астам есірткі тәркіленді

ТАРАЗ. 19-ақпан. Kazakhstan Today. Жамбыл облысында "Құқық және тәртіп" іс-шарасы аясындағы төрт күнде 40 кг астам есірткі тәркіленді. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Жамбыл облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Атап айтқанда, аталмыш іс-шараны жүргізу барысында Шу қаласында бұрын есірткі сатқаны үшін екі рет сотталған қала тұрғыны құрықталған. Полицейлердің ақпараттарына сүйенсек, одан 2 килограммнан астам героин тәркіленген. Ұсталған азаматшаның айтуынша, ол есірткіні Ресейге өткізбек болған. "Тәркіленген есірткінің бағасы 25 мың АҚШ долларын құрайды",- деп атап өтті баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған азамат қолдан есірткі дайындағаны үшін ұсталды. Полицейлердің ақпараттарына сүйенсек, күдікті 30 кг марихуана мен 9 кг гашишті тығып қойған. "Ұсталған азамат бір килограмм гашишті еліміздің солтүстік облыстарында 30 мың теңгеден жоғары, ал бір килограмм марихуананы - небәрі 10 мың теңгеге сатпақ болған",- деп түсіндірді баспасөз қызметінен.

Полицейлердің мәліметтері бойынша, жаңа жылдың небәрі бір жарым айында 35 есірткі сату дерегі, 4 контрабанда дерегі анықталып, 80 килограммнан астам есірткі, соның ішінде 9 килограммнан астам героин тәркіленген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны