27.06.2007, 18:07 2875

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы директоры парақорлығы үшін 8 жылға бас бостандығынан айрылды

ТАРАЗ. 27 -маусым. Kazakhstan Today. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы директоры Бақытәлі Жетібаевты Тараз қалалық №2 соты аса ірі көлемде пара алған кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын жүктеді. Бұл туралы Жамбыл облыстық ҰҚКД қызметкерлері баспасөз мәслихатында хабарлады.

Олардың хабарлауынша, үкім 21-маусымда шығарылған. Алайда шенеунік өз кінәсін сотта мойнына алмағандықтан, үкімге қарсы шағым түсіруі мүмкін. "Б.Жетібаевтың мемлекеттік тапсырыс алу мен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға бағытталған байқауда жеңіске жеткізу үшін лауазымдық құзыретін пайдаланып ақша бопсалайтындығы туралы мәліметтер бізге 2006-жылдың басында келіп түскен", - деді Жамбыл облыстық ҰҚКД басқармасы бастығының орынбасары Сергей Жанадилов. Оның айтуынша, Бас прокуратураның рұқсатымен оның артынан төрт ай бойы аңду салынған.

ҰҚКД қызметкерінің айтуынша, "Жетібаев 21-қарашада "Жасұлан и К" ЖШС директорының орынбасары Наталья Ткачевадан өзінің жұмыс бөлмесінде 3 млн теңге көлемінде пара алған сәтте қолға түсті". "Оның үйінде жүргізілген тінту барысында жатын бөлмесі мен тағы бір бөлмеден 26 млн теңге мен 100 мың АҚШ доллары табылды", - деді С. Жанадилов.

Сонымен бірге ҰҚКД тергеу басқармасының бастығы Талғатбек Айтқожиновтың хабарлауынша, сотта төрт эпизод бойынша пара алу оқиғасы дәлелденді. "Ауруханалар мен компаниялардың жетекшілері мемлекеттік тапсырыс көлемінің 7 - 10% шамасында пара беруге мәжбүр болғандықтарын айтып сотта жауап берді", - деді ол. "Оларға қойылған шарт бопсалау деп бағаланғандықтан, әлгі адамдар жауапкершілікке тартылмайды", деп түсіндірді басқарма бастығы.

Бұған қоса, ҰҚКД қызметкерлері тағы да бес істі сотқа тапсырды. Оларға сәйкес, қаржы полициясының екі қызметкері, көші-қон және демография басқармасының маманы, қылмыстық-атқару комитетінің басқармасы бастығының орынбасары мен Қордай ауданы Ауқатты ауылдық округінің әкіміне пара алды деген айып тағылуда. "ҚР Қылмыстық кодексінің пара алу жөніндегі 311 бабы бойынша қозғалған тағы да алты іс тексеріліп жатыр", - деді ҰҚКД қызметкерлері.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны