15.01.2025, 13:42 49871

Жамбыл облысында оқушы өлімі: үш оқушыға үкім шығарылды

Жамбыл облысында оқушы өлімі: үш оқушыға үкім шығарылды
Сот үш кәмелетке толмаған оқушыға үкім шығарды, деп хабарлайды Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен.

Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұзақылық және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша айыпталған үш кәмелетке толмаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 293-б. 2-б. 1-т., 106-б. 3-б.; 28-б. 4-б. - 106-б. 3-б., 293-б. 2-б.).

Белгілі болғандай, уәмелетке толмаған сотталушылар адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы, Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы мектептің әжетханасында 8-ші сынып оқушыларын жинап, бағыну мен нұсқауларын орындауды талап етіп, олардың кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған.

Кеудесінің сол жақ бөлігінен алған соққылардың салдарынан кәмелетке толмаған оқиға орнында қайтыс болған.

Сотталушылар кінәларын ішінара мойындады.

Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: жәбірленушілердің, куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кәмелет жасқа толмағандығын таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, Л.Н.-ға - 6 жыл 8 айға бас бостандығын айыру, Л.Л.-ға - 6 жыл 8 айға бас бостандығын айыру, Т.-ға - 1 жылға бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды.

Мемлекет кірісіне сот сараптамаларына жұмсалған процестік шығындар, жәбірленушілердің өтемақы қорына мәжбүрлі төлем, сондай-ақ жәбірленуші тараптың пайдасына сотталғандар Л.Н.-нің заңды өкілінен 6 млн. теңге, Л.Л.-дің заңды өкілінен 5 млн теңге моральдық зиян өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны