26.01.2012, 15:14 3824

Жаңаөзен қаласының әкімдері мен "Қазмұнайгаз" басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды

"Тергеу мәліметтері бойынша қаражатты ұрлауды Жаңаөзен қаласының бұрынғы және қазіргі әкімдері Бабаханов және Сарбөпеев "Жанашыр" және "Жарылқау" қоғамдық қорлары арқылы жүзеге асырған".

Астана. 26-қаңтар. Kazakhstan Today - Жаңаөзен қаласының әкімдері мен "Қазмұнайгаз" басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы ҚР Бас прокурорының 2011 жылдың 16-желтоқсанында Жаңаөзенде орын алған жаппай тәртіпсіздік оқиғасына қатысты жасаған мәлімдемесінде айтылған.

BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, "нәтижесінде жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан мұнайшылардың ұзақ ереуіліне және әлеуметтік шиеленістің үдеуіне жергілікті атқарушы органдар мен мұнай кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері ықпал еткен".

Қаржы полициясы органдары аталған тұлғалар, қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлағандарын анықтады.

"Тергеу мәліметтері бойынша қаражатты ұрлауды Жаңаөзен қаласының бұрынғы және қазіргі әкімдері Бабаханов және Сарбөпеев "Жанашыр" және "Жарылқау" қоғамдық қорлары арқылы жүзеге асырған", - деп атап өтілді хабарламада.

Аталған қорларда "Қазмұнайгаз" Барлау Өндіру" акционерлік қоғамының қала тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған демеушілік көмегінен түскен қаражат шоғырланған.

"Ақшаның басым бөлігі кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылып, иемделген", - делінген құжатта.

Көрсетілген лауазымды тұлғалар мен аталған қорлардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

""Қазмұнайгаз" Барлау Өндіру" акционерлік қоғамы мен "Компания Мұнай Экология" серіктестігінің басшылары Мирошников пен Баймұхамбетовтың үстінен "Қазмұнайгаз" Барлау Өндіру" акционерлік қоғамының 335 миллион теңге қаражатын ұрлағаны үшін Қылмыстық кодекстің 176 бабының 3 бөлігінің "б" тармағымен қылмыстық іс қозғалды", - делінген Бас прокурор мәлімдемесінде.

Мәлімдемеге сәйкес, "Қазмұнайгаз" Барлау Өндіру" акционерлік қоғамының 127 миллион теңге қаражатын "Бұрғылау" серіктестігінің директоры Сейтмағанбетовпен сөз байласып ұрлады деген күдікпен "Өзенмұнайгаз" өндірістік филиалының бұрынғы директоры Ешманов пен оның орынбасары Марқабаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 176 бабының 3 бөлігінің "б" тармағы бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны