27.10.2015, 16:39 3853

Жапония Премьер-министрі С.Абэніӊ Қазақстанға ресми сапары аясында кеӊейтілген құрамда өткен келіссөздер

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында С.Абэніӊ Астанаға алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасын жаӊа сапалы деӊгейге шығару үшін қуатты серпін беретініне сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев С.Абэніӊ Либерал-демократиялық партия төрағасы ретінде өз елін дамытудыӊ өршіл бағдарламасын ұсынғанын да атап өтті

Астана. 27 Қазан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы келіссөздер барысында С.Абэніӊ Астанаға алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасын жаӊа сапалы деӊгейге шығару үшін қуатты серпін беретініне сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев С.Абэніӊ Либерал-демократиялық партия төрағасы ретінде өз елін дамытудыӊ өршіл бағдарламасын ұсынғанын да атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Біз Сізге бағдарламаӊызды лайықты жүзеге асыру жолында табыс тілейміз. Қазақстан мен Жапония - бір-бірінен алыс жатқан, бірақ жақын дос елдер. Қазақстан тәуелсіздігініӊ алғашқы күндерінен бастап Сіздіӊ елмен жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту біздіӊ сыртқы саясатымыздыӊ маӊызды басымдығыныӊ бірі болып саналады. Астана мен Токио ұдайы сенімді серіктес болып келеді. Біз әрдайым бір-бірімізді қолдаймыз, ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ атом энергетикасын бейбіт пайдалану ісінде одақтаспыз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдіӊ сауда-экономикалық даму және инвестициялық өзара ықпалдастық көрсеткіштеріне де тоқталды. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметінен хабарлады.

2013-2014 жылдарда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар болды. Ал 2015 жылдыӊ бірінші жарысында бұл көрсеткіш 600 миллион долларға жетті. 10 жылда Қазақстанға келген жапон инвестициясыныӊ көлемі шамамен 5 миллиард доллардай болады. Сонымен қатар, Жапония ресми көмек ретінде Қазақстанға 1,2 миллиард доллар берді. Елімізде бірқатар ірі компаниялар белсене жұмыс істеуде. Бүгінде 50 бірлескен кәсіпорын тіркелген, құны 700 миллион доллардан асатын 6 бірлескен жоба іске асырылды. Дәл осы сома мөлшерінде тағы 10 жоба қарқынды ілгерілету сатысында тұр. Қостанайда "Тойота" автомобильдерін құрастыру зауытын ашу да айшықты оқиға болды. 25 қазаннан бастап Инвестицияларды өзара қорғау және көтермелеу туралы келісімніӊ күшіне енуі ынтымақтастығымыздыӊ құқықтық базасын айтарлықтай жақсартатынына сенімдімін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

С.Абэ екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардыӊ құқықтық базасын нығайту, сондай-ақ Қазақстанныӊ ДСҰ-ға кіруі ірі инвестициялық бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін, жалпы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер аясын едәуір кеӊейтетінін атап өтті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны